A+ A A-

talgatzhan 2 15-02-2025, 20:00 0

Азия ойындарының қола жүлдегері Елизавета Белецкаяны Өскеменде қарсы алды

Спорт / ШҚО / Риддер / Бүгін

Қытай елінің Харбин қаласында өткен Қысқы Азия ойындарында биатлоннан эстафеталық сында қола жүлде алған жерлесіміз бүгін әуежайға ұшып келді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әдеттегідей, спортшы жүгі мен заттарын түсіріп, бері шыққанша ұлттық рухты көтерер ән шырқалды, жақындары тағатсыздана күтіп тұрды. ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығы мен өкілдері де құттықтауға келді. Түс ауа әуежайдан шығып жатқан көпшілік қарасы сейілген соң Белецкая да медалін тағынып, жиналғандардың қуанышына шомылды. Айта кетейік, Елизаветамен бірге оның командаласы Ольга Полторанина да келеді деп күтілген. Бірақ спорттың басы-қасында жүргендер оның кезекті бәсекеге жол тартқанын жеткізді. Айта кетейік, екі спортшы да Риддер қаласының тумасы. Харбиндегі бәсекеде эстафеталық сында үздік үштікті түйіндеді. Алтын медаль жарыс қожайындары Қытай спортшыларына, күміс Оңтүстік Корея қыздарына бұйырды. 
– Мұндай жоғары деңгейдегі сайысқа алғаш рет қатыстым. Қазақстан намысын Азия ойындарында қорғағаныма өте қуаныштымын. Барлық спортшы тыңғылықты дайындалған. Оңай болған жоқ. Бойдағы қобалжуды жеңіп, алға қойылған жоспарды ойдағыдай орындауды мақсат еттік. Қолымыздан келген сияқты, қола медаль еншіледік. Әзірлік жүргізуге төрт жыл кетті. Өзім негізінен Қазақстандағы оқу-жаттығу жиындарына қатыстым. Ұлттық құрамамен бірге Еуропаға шықпадым. Шығыс Қазақстан облысы «Жоғары спорт шеберлігі мектебінің» қолдауымен жаттықтым, – деді жерлесіміз.
Айта кетейік, риддерлік биатлоншы мұның алдында бала күтіміне байланысты демалыста болатын. Дегенмен әзірлігін де жалғастырып жүрді. Спорттық бабын сақтауда қолұшын берген Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можановқа, «Жоғары спорт шеберлігі мектебінің» директоры Азамат Құстыбаевқа алғысын білдірді.
– Тілеулестік танытқандарыңызға көп рахмет. Қаржылай көмек беріп, жағдай жасалмаса мұндай нәтиже де болмас еді, – деді спортшы.
Жерлесіміздің сөзінше, Харбинде күн өте суық, Шығыс Қазақстанмен ұқсас.
– Эстафета кезінде мұны анық аңғардық. Ату қиынға түсті. Жел де соғып, оның үстіне қобалжуым қосылып, қиындықтар сезілді. Ату кезінде бір рет мүлт кеттім. Қаруымызда бастапқы бес оқтан бөлек, үш қосымша оқ болды. Соңғы нысананы жаба алмай, айып шеңберіне кеттім. Қытайлықпен қатарласып келе жатқанда, өне бойым сәл дірілдей жөнелді. Ал айып шеңберіннен шыққан кезде кореялық спортшыны өкшеледім. Бірақ олардың шаңғысы жақсы сырғанады. Біршама жақындаған едім, қуып жете алмадым, – деді биатлоншы.
Бұл жерде Елизаваета Белецкая, Ольга Полторанина, Арина Крюкова және Дарья Климина төрттігі 6 шақырымнан еңсерді. Бұған дейінгі берген сұхбаттарында Белецкая нәтижеге көңілі толмай тұрғанын айтқан болатын. Дегенмен кейінірек Азия ойындарының қола медалін иелену – өзі үшін айтулы жетістік екенін жеткізді.
Елизавета Белецкая – жасөспірімдер арасында спринт бәсекесінде Италияда өткен Әлем Кубогінде күміс медаль иеленген. Швейцария елінде де дәл осындай сайыста үшінші орыннан көрінді. Алматыда өткен Универсиадада қола медальға бір қадам жетпей сүрінді.
– Ол менің алғашқы Универсиадам еді, толық дайын болдым деп айта алмаймын. Ендігі жоспарымыз сол, Чехияның Нове-Место-на-Мораве қаласында өтетін Әлем Кубогі кезеңіне дайындаламыз. Одан кейін тағы екі кезең бар, сосын Спартакиадада бақ сынаймын, – деді Елизавета.
Биатлоншының сөзінше, Қазақстан құрамасы үшін құрлық көлемінде қытайлық спортшылар негізгі қарсылас. Қазір олар спорттың бұл түріне кәдімгідей күш салып жатқан көрінеді. Оған қоса, жерлесіміз жүлде алған эстафета сынында қарсылас болған төрт қытайлықтың екеуі Әлем Кубогі рейтингісінде үздік ондыққа кіреді. Сол себепті, олармен бәсекелесу қиынға түскен.
– Декреттік демалыстан соң бабыма келу қиынға түседі деп ойладым. Не дегенмен режим сақтау керек. Жеке бапкерім мен жақындарымның арқасында дайындық тәуір өтті. Кей тұрғыда кемшілік кеткен де болар, бірақ жүлдемізді ешкім тартып ала алмады. Шын айтсам, Азия ойындарына қатысамын деп еш ойламадым. Барлығы соңғы күндері шешілді. Баратынымды естіген бетте өзімді бақытты сезіндім. Сенім артылған соң ең үздік нәтижемді көрсеткім келді, – деп түйіндеді Азияданың қола жүлдегері.
Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосурет автордікі)

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив