A+ A A-

talgatzhan 12 Бүгін, 15:20 0

«Бәрін өзім бүлдірдім»: Өскеменде студент ақша бопсалап, бұзақы болғаны үшін өкініп отыр

Бүгін / Өскемен / Қылмыс

18 жастағы Қанат Серікбаев (аты-жөні өзгертілген) қатарластарымен бірге студенттік өмір қызығын көре алмай, қазір пробациялық бақылауда отыр. Бір ғана қателік болашаққа құрған жоспарын күл-талқан етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кезінде Қанат та университет студенті еді. Қарбалас сабақ, жаңа достар, болашаққа жоспар... Бірақ өз қатарластары арасында «абыройлы» болып көрінуге ұмтылу мен араласатын ортаның теріс әсері оны қылмысқа итермеледі. Бозбала достарымен бірге төменгі курс студенттерінен ақша бопсалап, сол арқылы беделге ие боламын деп ойлады. Заң сілтейтін қамшы арқамды тіліп өтер сескенбеді де. Дегенмен бәрі бір-ақ сәтте өзгерді. Сот шешімімен ол бес жылға пробациялық бақылауға алынды. 
– Мен 18 жаста болатынмын. Жасаған іс-әрекетім өмірімді осыншалық өзгертеді деп ойламаппын. Маған сенім артқан ата-анамның үмітін ақтай алмағанымды ұғып отырмын. Университетті аяқтап, тәуір жұмысқа орналасып, адам сияқты өмір сүруге болар еді. Бірақ бәрін өзім бүлдірдім, – деді Қанат.
Енді ол қазіргі студенттердің теріс жолға түспеуіне тілекші. Қай жерде жаза басқанын ашық айтып отыр.
– Біреуді қорқытып, өздеріңді мықты етіп көрсетуге тырыспаңдар. Бір ғана қателік бүкіл өміріңе қара дақ түсіруі мүмкін. Заңның құрығы ұзын, – дейді ол.
Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің өкілі Салтанат Ожиканованың сөзінше, мұндай жағдайлар жастарға үлкен сабақ болады.
– Көп жағдайда жасөспірімдер мен жастар зардабын ойламай жатып құқықбұзушылыққа барады. Өзгенің көзінше мықты болуға ұмтылу, қоршаған ортаның жағымсыз әсері тағдырлардың талқандалуына әкеліп соғады. Жас жігіт өзі айтқандай, оқуынан айырылды, ата-ана сенімін жоғалтып, болашағын бұлыңғыр етіп алды. Сондықтан жасөспірімдерге кез келген құқықбұзушылық үшін заң алдында жауап беру керектігін түсіндіру керек, – дейді Салтанат Ожиканова.


Бекарыс Оралбеков
Ақпарат: Қылмыстық атқару жүйесі департаменті
Фото: duis_vko 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив