A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 09:30 0

Өскеменде облыстан шыққан тұңғыш қобызшы Қарагөз Болатованың мерейтойы атап өтілді

Бүгін / Өскемен

Аталған шара А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылып, «Қобыздың қоңыр үні» атты кеште әдебиет пен өнер саласының өкілдері бас қосты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қарагөз Болатова Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, Шығыс өңірінен шыққан тұңғыш қобызшы, актриса, қолөнер шебері, Мәдениет саласының ардагері. Биыл 80 жасқа толып отыр.
– Рухани кешке өнерсүйер қауым, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, шәкірттері мен оқырмандар қатысып, ұлттық өнерді өмірінің өзегіне айналдырған ардақты тұлғаның өнегелі ғұмырын ұлықтады, – деді аталған кітапхана қызметкерлері. 
Кеш барысында Қарагөз Әбдікеқызының өнер жолы, шығармашылық тағдыры мен өмір белестері туралы мазмұнды сұхбат өрбіді. Өнер иесі балалық шағындағы өнерге деген қызығушылығы, қобызбен табысқан сәттері, ұстаздары мен сахнадағы елеулі естеліктері жайында сыр шертіп, жас буынға тағылымды ойларын жеткізді. Сонымен қатар ұлттық өнерді сақтау мен насихаттаудың маңыздылығы туралы келелі пікірлерімен бөлісті.
– Қарагөз Әбдікеқызы – Шығыс Қазақстан өңірінде қобыз өнерінің дамуына жол ашқан, ұлттық өнерді сахнада дәріптеп, кейінгі буынға насихаттаған бірегей тұлға. Оның орындауындағы қобыз күйлері талай көрерменнің жүрегінен орын алып, шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі өнер әлемінде ерекше бағаланып келеді, – делінген ақпаратта.
Шара аясында Қарагөз Әбдікеқызының немересі Дильназ әжесіне арнап ән орындап, кештің сәнін келтірді. Музыкалық сәлемдер мен қобыз күйлері кештің мазмұнын тереңдете түсіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Мерейтой иесін құттықтауға арнайы келген қонақтар қатарында ШҚО мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов, Қазақстанның Халық әртісі, театр және кино актері, режиссер, әнші Досхан Жолжақсынов, жазушы, «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты Асқар Алтай, суретші, ұлттық музыкалық аспаптар шебері Жолаушы Тұрдығұлов болды. Қонақтар мерейтой иесіне жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ұлттық өнер жолындағы еңбегіне жоғары баға берді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив