Қазақстанда сталкинг бойынша 83, ал некеге мәжбүрлеу бойынша 19 қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде Ішкі істер министрлігі Тергеу департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Амангелді Досжанов мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, сталкинг пен некеге мәжбүрлеуге қатысты қылмыстық жауапкершілікті көздейтін нормалар күшіне енгеннен кейін құқық қорғау органдары жаңа баптар бойынша құқық қолдану тәжірибесін қалыптастырып келеді.
– Қазіргі таңда сталкинг қылмысы бойынша 83 қылмыстық іс сотқа жолданды. Ал некеге мәжбүрлеу бойынша 19 іс сотқа жіберілді. Біз әрбір факті бойынша дер кезінде қылмыстық іс қозғап, оның барлық мән-жайын мұқият тексереміз, – деді Амангелді Досжанов.
Оның сөзінше, тіркелген қылмыстық істердің барлығы бірдей сотқа жетпейді. Тергеу барысында күш қолдану немесе мәжбүрлеу белгілері расталмаған жағдайда іс тоқтатылуы мүмкін.
– Мысалы қыз алып қашу фактісі бойынша құқық қорғау органдарына туыстары хабарласып жатады. Біз бірден тиісті шараларды қабылдаймыз. Алайда тергеу барысында азаматтардың өз еркімен келісім бергені анықталса және нақты мәжбүрлеу әрекеттері болмағаны дәлелденсе, мұндай істер сотқа жолданбайды, – деді министрлік өкілі.
Сондай-ақ ол некеге мәжбүрлеу фактілері еліміздің барлық өңірінде кездесетінін, дегенмен мұндай жағдайлар оңтүстік және батыс аймақтарда жиірек тіркелетінін айтты.
Пікірлер