A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 14:55 0

Туристер тарту қамымен Глубокое ауданында тау-шаңғы курорты салынбақ

Бүгін / Глубокое

Жуықта аудан әкімі Эльдар Тумашинов Өскеменге келіп, алғашқы жартыжылдықты қорытындылап кетті. Сөзінше, ауданда денсаулық сақтау саласы жаңғыртылып, жаңа өндірістік жобалар қолға алынып жатыр. Сонымен қатар туризмді дамытуға бағытталған ауқымды бастамалар жүзеге асырылып, жол-көлік инфрақұрылымы жаңартылып жатқан көрінеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жұрттың орташа жалақысы қанша?

Халықтың өмір сапасын арттырудағы басты бағыттардың бірі – сапалы медициналық қызметтің қолжетімді болуы. Эльдар Лұқбекұлы осы мақсатта ауданда соңғы жылдары ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтты. Мәселен, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданда бес жаңа медициналық нысан пайдалануға берілген Әкімнің сөзінше, аталған нысандар ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

– Ұлттық жоба аясында өткен жылы бірқатар медициналық нысан құрылысы аяқталды. Секисовка ауылында отбасылық-дәрігерлік амбулатория, Белокаменка ауылында медициналық пункт салынды. Сонымен қатар Верхнеберезовка және Бобровка ауылдарында отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар, ал Уварово ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді, – деді аудан әкімі.

Жаңа медициналық мекемелер заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, тұрғындарға уақтылы әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бермек. Әкім баяндамасына зер салсақ, аудан экономикасында да оң көрсеткіштер байқалады. Эльдар Тумашинов өңірдегі орташа айлық жалақы 9,9 пайызға өсіп, 405,1 мың теңгені құраған.

Бүгінде аудандағы экономикалық белсенді халық саны 31,3 мың адам болса, оның 29,9 мыңы жұмыспен қамтылған. Жалдамалы қызметкерлер саны 26,4 мың адамды құрайды. Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтыған 3,4 мың тұрғын бар. Жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрап отыр. Ресми ақпаратқа сәйкес өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 1493 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 1107-сі тұрақты жұмыс орындары.

Жалпы, әлеуметтік қолдау шаралары әлі жалғасып жатыр екен. Бүгінде атаулы әлеуметтік көмек 31 отбасыға көрсетілуде. Жалпы 143 адам қамтылған бұл көмек ішінде 97 бала бар. Оларға 12,5 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген.

– Инвестициялық белсенділікті арттыру мақсатында 2026-2028 жылдарға арналған бірнеше жоба жоспарға енді. Өнеркәсіп саласындағы жетекші жобалардың бірі – Алтайский ауылындағы Ертіс кенішінде екінші кен орнын игеру. Бұл ауданның өнеркәсіптік әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді, – деді аудан басшысы.

 

Жөндеу көретін жолдар

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында да маңызды жобалар қолға алынғалы отыр. Веселовка ауылында «Недра» өндірістік кооперативі мен Быструха ауылындағы «Убинка-Агро» серіктестігі жалпы сыйымдылығы 28 мың тоннадан асатын астық қоймаларын салуды жоспарлап отыр. Бұл өнімді сақтау мүмкіндігін кеңейтіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шығынын азайтуға ықпал етеді. Анықталғандай, өңірде өндірістік жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Предгорное ауылындағы қолданыстағы май өңдеу зауыты базасында рафинациялау және дезодорациялау цехын салу жоспарланған. Жобаның инвестициялық көлемі 5,5 миллиард теңгені құрайды.

Глубокое ауданы табиғи әлеуетін тиімді пайдалану арқылы туризм саласын дамытуды көздеп отыр. Бұл бағытта бірнеше ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Солардың бірі – Быструха ауылындағы «Заречье Эко Лэнд» экобазасын кеңейту жобасы. Мұнда мейрамхана кешені салынып, туристік инфрақұрылым жаңартылуда.

Ал аудан үшін стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі – Горная Ульбинка ауылы маңында салынатын тау шаңғысы курорты. Жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын жобаны «The Forest» компаниясы жүзеге асырады.

– Жоба аясында тау шаңғысы трассалары, қонақүй кешендері, қызмет көрсету және демалыс нысандары салынады. 20-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл жоба аудан экономикасына мультипликативтік әсер беріп, қызмет көрсету саласы мен шағын және орта бизнестің дамуына оң ықпал етеді, – деді Эльдар Тумашинов.

Сонымен қатар ауданда «Горная Ульбинка» эко-паркін салу жоспарланып отыр. Жоба 40 гектар аумақты қамтиды. Мұнда ұзындығы 3,155 шақырым болатын терренкур, балалар және спорт алаңдары, табиғатпен үйлескен демалыс аймақтары пайда болады. Жобаны жүзеге асыруға 150 миллион теңге бағыттау көзделген. Болашақта эко-парк бір мезетте екі мыңнан астам келушіні қабылдай алады. Инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Биыл аудандық бюджеттен 11 елдімекендегі жолдарды ағымдағы жөндеуге 180,1 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар төрт ауылдағы бес көпірді жөндеуге 86 миллион теңге қарастырылған. Жолдар мен көпірлерді жаңарту көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Глубокое ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Жаңа медициналық нысандар, өндірістік кәсіпорындар, туристік кешендер мен инфрақұрылымдық жобалар ауданның дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етпек.

 

Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив