Қазақстанда әскерге шақыру және әскери есепке алу үдерістері толықтай цифрлық форматқа көшірілмек. Үкімет қаулысына сәйкес, азаматтардың деректері мен шақыру комиссияларының шешімдері енді бірыңғай цифрлық жүйе арқылы рәсімделіп, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Үкіметі 2026 жылғы 22 маусымдағы қаулысымен азаматтарды әскери қызметке шақыру және оны ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізді.
Жаңа өзгерістердің негізгі мақсаты – әскерге шақыру процесін цифрландыру және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін өзара байланыстыру.
Цифрлық жүйе енгізіледі
Енді Қорғаныс министрлігінде Цифрлық жүйе (ЦМО РК) іске қосылады. Бұл жүйе азаматтардың әскери есебін жүргізуге, деректерді сақтауға және басқа мемлекеттік цифрлық жүйелермен байланыс орнатуға арналған.
Деректер электронды түрде алынады
Әскерге шақырумен айналысатын бөлімдер қажет мәліметтерді мемлекеттік дерекқорлар арқылы автоматты түрде алады. Егер жүйелер арасында байланыс болмаса, ақпарат тиісті органдардан 3 жұмыс күні ішінде сұрау арқылы алынады.
Қызмет көрсету тәртібі жаңарды
Әскерге шақырылатын азаматтарды іріктеу процесіне Қарулы Күштер, арнайы және өзге де әскери құрылымдар қатыса алады
Мемлекеттік күзет қызметі мен Шекара қызметіне іріктеу басым тәртіппен жүргізіледі
Ұлттық ұланға іріктеу осы органдардан кейін жүзеге асырылады
Электронды құжат айналымы
2026 жылдың 12 шілдесінен бастап:
шақыру комиссияларының шешімдері электронды хаттама түрінде рәсімделеді
барлық құжаттар Цифрлық жүйеге енгізіліп, электрондық цифрлық қолтаңбамен бекітіледі
Техникалық ақау болған жағдайда құжаттар уақытша қағаз түрінде жасалып, кейін жүйеге енгізіледі.
Әскерге шақыру процесі толық цифрланады
Азаматтардың медициналық тексеріс нәтижелері, жеке деректері, соттылығы туралы мәліметтер және өзге құжаттар электронды базаға жүктеледі.
Шақырылушылар жеке деректерін өңдеуге келісім беріп, бұл құжаттар цифрлық картаға тіркеледі.
Әскери бұйрықтар да электронды түрде шығарылады
Әскерге шақыру немесе әскери жиындарға жіберу туралы бұйрықтар енді цифрлық жүйе арқылы рәсімделеді. Қажет жағдайда уақытша қағаз нұсқасы қолданылып, кейін жүйеге енгізіледі.
Әскери жиындар да цифрланады
Әскери жиындарға қатысты барлық шешімдер, есепке алу және құжаттандыру процестері де цифрлық форматқа көшіріледі.
Қаулы 4 шілдеден бастап қолданысқа енеді.
Пікірлер