
Соңғы жылдары ШҚО отандық кинематография үшін маңызды түсірілім алаңдарының біріне айналып келеді. Өңірдің қайталанбас табиғаты, кеңестік кезеңнен сақталған сәулет нысандары мен көркем ландшафтары түрлі жанрдағы фильмдердің түсірілуіне мүмкіндік беріп отыр. Бұған дейін өңірде бірнеше толықметражды көркем фильм түсірілсе, бүгінде Өскеменде жаңа кинотуынды – «Соңыра» фильмінің түсірілімі қарқын алған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кеңес дәуірінен келбеті сақталған қала
Өңірдің көркем табиғаты мен сәулеттік ерекшеліктері режиссерлер назарын бұрыннан аударып келеді. Соңғы бес жыл ішінде өңірде бірнеше ірі жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында «Дос-Мұқасан», «Бұқтырма», «Жездуха» фильмдері бар. Ал бүгінде көрермен құтқарушылар қарбалас жұмысынан сыр шертетін «Соңыра» фильмі қалай шығады екен деп отыр. Осыдан бес жыл бұрын Өскеменде әйгілі «Дос-Мұқасан» шығармашылық ансамблінің тарихына арналған көркем фильм түсірілген болатын. Фильм авторлары үшін қаланың кеңес заманынан қалған сәулеттік келбеті ерекше қызығушылық тудырған. Ең алдымен түсірілім тобының назарын бұрынғы Металлургтер мәдениет сарайы мен оның айналасындағы ғимараттар аударған. Себебі бұл нысандар өткен ғасырдың атмосферасын қаз-қалпында жеткізуге мүмкіндік берді. Сол кезде фильм режиссері Айдын Сахаман Өскеменнің кино түсіру үшін таптырмас орын екенін атап өткен еді.
– Металлургтер мәдениет сарайы сияқты сирек кездесетін, бірақ қалпына келтірілген ғимараттар барда компьютерлік графикасыз түсіруге мүмкіндік туады. Керемет, – деген болатын режиссер.
1970 жылдардағы кезеңді бейнелеген фильм атмосферасын сәулет нысандары ғана емес, сол дәуірдің сән үлгісіндегі киімдер мен ретроавтокөліктер де толықтырды. Әсіресе «Машина времени» қалалық клубының көне көліктері тарихи кезең көрінісін шынайы жеткізуге дәл болды.
Табиғат арқылы туризмді насихаттау
Үш жыл бұрын өңірде түсірілген тағы бір маңызды кинотуынды – «Бұқтырма» фильмі болды. Бұл жобаның басты мақсаты көрерменге Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін таныстыру еді. Фильмде өңірдің сұлу табиғаты, көлдері мен таулы аймақтары кеңінен көрсетілді. Жоба авторлары кино арқылы туған өлкенің көркін насихаттауды көздеген.
Осы өңірдің тумасы, әрі продюсер Әлия Увальжанова облыстың әсем табиғатын көпшілікке көрсету бала кезден бергі арманым болғанын айтқан.
– Бүгінде сол арманым орындалды. Осы туынды арқылы көрікті жерлерімізді өзге өңірлер мен шет мемлекеттерге таныстырғым келеді. Сондай-ақ туризмді дамытуға да атсалысамыз деп ойлаймын, – деген еді.
Ал Риддер қаласында түсірілген «Жездуха» фильмі де өңірдің кинематография саласындағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осылайша соңғы жылдары Шығыс Қазақстан түрлі бағыттағы фильмдердің түсірілім алаңына айналып отыр.
«Соңыра»: өмір мен өлім арасындағы қызмет
Ал дәл қазір Өскеменде түсіріліп жатқан «Соңыра» фильмі де көрермен қызығушылығын тудырып отыр. Жобаның бас продюсері – танымал актриса Дариға Бадықова.
Оның айтуынша, фильмнің негізгі ерекшелігі – құтқарушылардың күнделікті қызметін ғана емес, олардың ішкі жан дүниесін, отбасылық өмірін және кездесетін қиындықтарын көрсету.
– «Соңыра» фильмінің ерекшелігі – құтқарушылардың үнемі өмір мен өлім арасында жүретіндігі. Сондай-ақ кинода тек құтқарушылардың жұмысын ғана көрсетіп қоймай, олардың жеке өмірін, жеке өміріндегі қиындықтарын да береміз. Түсірілім алаңы ретінде Өскеменнің таңдалғаны – бұйырғаны деп білемін. Фильм атауының өзі «Соңыра» – бәрі кеш дегенді білдіреді. Шығармашылық ұжыммен ақылдаса отырып, актерлер мен режиссерлер осы атауды беруді жөн көрдік, – дейді Дариға Бадықова.
Оның айтуынша, фильмді түсіру барысында жергілікті билік пен төтенше жағдайлар қызметі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр.
– Жергілікті әкімдіктен, Төтенше жағдайлар департаментінен толықтай көмек көрсетілуде. Мұндай жоба біздің тәжірибемізде сирек кездеседі. Бірақ тәуекел етіп қолға алғаннан кейін облыс әкімдігінен, қала әкімдігінен, министрліктен және департаменттің барлық құрылымынан қолдау көріп жатырмыз, – деді ол.
Фильмнің шынайылығын арттыру мақсатында дублер ретінде кәсіби өрт сөндірушілер тартылған. Актрисаның сөзінше, фильмдегі дублерлердің барлығы – нағыз өрт сөндірушілер. Бұл кинодағы кәсіпқойлықты арттыратын көрінеді. Қанша жерден дублер алып келсең де, нағыз өрт сөндірушілердей кәсібилікті көрсете алмауы мүмкін екенін айтты. Бір жағынан бәрі кадрдан байқалып тұрады.
Дариға Бадықова фильмде өзі сомдайтын кейіпкер жайлы да айтып өтті.
– Менің жаратылысым мықты әйелдің рөлін ойнауға жақын. Ішкі-сыртқы болмысыма қарап-ақ оны байқауға болады. Фильмде кейіпкерімнің күйеуі лудоман болады. Әйелі соған қарамастан отбасы үшін күреседі. Мен дәл сондай қайсар әйелдің рөлін сомдаймын, – деді ол.
Ол түсірілім барысында кездесіп жатқан қиындықтардың да ерекше екенін жасырмады.
– Бір құпия айтайын, қиындықтар әкімдіктің немесе министрліктің көмектеспеуінен туындап жатқан жоқ. Қиындықтар ұсақ-түйек мәселелерден болып жатыр. Актердің аяқ киімі болмай қалуы, костюмнің дер кезінде келмеуі, актерге уақтылы көңіл бөлінбеуі секілді жағдайлар кездеседі. Әр адам әртүрлі ғой, – дейді продюсер.
Оның айтуынша, өскемендіктердің басым бөлігі түсірілім жұмыстарына оң көзқараспен қарап отыр.
– Кей көрермен түсірілімнің болып жатқанына қарсылық танытып жатады. Бірақ олардың саны аз. Көпшілігі бұған қуанышты. Өйткені Өскеменде кино көп түсіріле бермейді. Сондықтан тұрғындардың басым бөлігі бұл жаңалықты жақсы қабылдауда, – дейді ол. Қазіргі жоспар бойынша фильм көрерменге күз мезгілінде жол тартады.
– Фильмді қазан немесе қараша айларында көрерменге ұсыну жоспарланып отыр. Өскемен қаласына және бізге көмектесіп жатқан барлық жанға алғыс білдіремін. Қала жайнасын, жарқырасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді ол.
Департамент дерек ұсынбады
Фильмге байланысты облыстық Төтенше жағдайлар департментінен де пікір алмақ болған едік. Алайда жауапты мамандар нақты пікір білдірудің орнына бір-біріне сілтеп, сауалымызға мардымды жауап бермеді. Сондықтан аталған мекеменің ресми ұстанымын алу әзірге мүмкін болмады.
***
Шығыс Қазақстан бүгінде табиғаты мен сәулеттік келбеті арқылы ғана емес, кино өндірісіне қолайлы өңір ретінде де танылып келеді. Өңірде түсірілген фильмдер көрерменге жаңа оқиғалар ұсынып қана қоймай, туған жердің тарихын, табиғаты мен адамдарын кеңінен танытуға мүмкіндік беруде. Еңдеше, құтқарушылардың жанкешті еңбегін арқау еткен «Соңыра» фильмі көрермен көңілінен шығып, аудиторияның ықыласына бөленсін дейміз.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер