A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 10:00 0

Алтай ауданындағы қараусыз қалған әуежай қайта жандана ма?

Бүгін / Алтай

Өңірде уақыт өте пайдаланылмай қалған ғимараттар мен нысандар аз емес. Солардың қатарында Алтай ауданына қарасты Парыгино ауылы маңындағы бұрынғы әуежай да бар. Кезінде тұрғындарға қызмет көрсеткен нысан бүгінде қараусыз қалып, алдағы тағдыры көпшілікке қызық болып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Жоқ» деген жауаптан кейінгі ізденіс

21 мамыр күні Өскеменде өткен брифинг барысында аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқароваға аталған әуежай туралы сұрақ қойған едік. Алайда ол бастапқыда мұндай нысанның жоқ екенін айтып, тақырыпқа тоқталмауды сұрады. Бірақ брифинг аяқталған соң, әуежайдың бар екенін айтып, жеке ақпарат беруге дайын екенін жеткізді. Осыдан кейін аудан әкімдігіне ресми сауал жолдап, нысанның қазіргі жағдайы мен болашағы туралы ақпарат сұрауды жөн көрдік. Одан бөлек, әуелі «жоқ», сосын «негізі бар» деп ағынан жарылған соң біліп көру орынды саналды.

Анықталғандай, әуежайдың ұшу-қону жолағы, такси жолы және перроны «Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы Парыгино ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде тұр. Әкімдік мәліметінше, қазір әуежайдың техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз.

– Ұшу-қону жолағы мен әуежай ғимаратының соңғы техникалық инспекциясын өткізу күні туралы мәліметтер жоқ. Нысанды қалпына келтіруге жеке инвесторлар тарапынан қызығушылық бар. Алайда қазір бастаманы іске асыру бойынша нақты инвестициялық жобалар немесе практикалық қадамдар жасалмады, – делінген ресми жауапта.

Парыгино маңындағы әуежай жергілікті тұрғындардың да назарынан тыс емес. Аудан тұрғыны Рустам Оспановтың айтуынша, нысанның қараусыз қалғанына біраз жыл болған.

– Алтай ауданына жұмыс бабымен көшіп келгеніме шамамен бес жыл болды. Көрші-қолаңнан естігенім – әуежай кеңес кезеңінде пайдаланылған. Кейіннен жұмысын тоқтатып, қараусыз қалды. Нақтысын білмеймін. Бірақ мұндай нысанның болғаны жақсы. Алыс жолға көлікпен қатынағанша, әуе қатынасы уақытты үнемдеп, халыққа ыңғайлы болар еді, – дейді ол.

Тұрғынның сөзінше, Катонқарағай мен Зайсан аудандарындағыдай толыққанды әуежай болмаса да, қалған инфрақұрылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік бар.

Бұған дейін әуежай жеке инвесторға берілуі мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Сол кезде Парыгино ауылдық округі әкімі бірнеше инвестор ұсыныс білдіріп, шамамен 2 миллиард теңгені құрайтын бизнес-жоба әзірленгені туралы айтқан еді. Алайда аудан әкімдігі бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.

– Бизнес-жобаның құны, оның ішінде шамамен 2 млрд теңге сомасы туралы ақпарат жергілікті атқарушы орган атына ресми түрде түскен жоқ, – делінген жауапта.

Әкімдік мәліметінше, бүгінде негізгі мәселелердің бірі – жер учаскесінің құжаттарын реттеу. Зубовск ауылы мен бұрынғы әуежай аумағы арасындағы шекараны нақтылау жұмыстары толық аяқталмаған. Жерге орналастыру және кадастрлық жұмыстарды жүргізу үшін қаржы қажет. Қажетті сома бөлінген соң ғана аумақ шекарасын белгілеу мәселесі қарастырылмақ.


Нысан нендей мақсатта қолданылады?

Әуежай орналасқан аумақтың жалпы көлемі – 24,5031 гектар. Аудан әкімдігі бұл нысанды болашақта туризм саласын дамытуға немесе экономикалық тұрғыдан тиімді басқа бағыттарға пайдалануға болатынын атап өтті. Ресми ақпаратқа сенсек, әуе қатынасын қалпына келтіру өңірдегі көлік қолжетімділігін арттырып, туристік ағынның өсуіне ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік қызметтері секілді шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік береді.

Аудан әкімінің орынбасары Татьяна Мыслимованың сөзінше, Алтайда әуежайдан басқа да қараусыз қалған нысандар бар. Бірақ олар Мемлекеттік мүлік заңнамасына сәйкес мемлекеттік емес заңды және және жеке тұлғаларға басқаруға беріліпті. Анық-қанығын E-kazyna сайтына кіріп, білуге болады.

Мәлім болғандай, былтыр ауданға 62808 турист келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға жоғары. Сауалхат жауабына зер салсақ, туризм саласында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту, Жаңа Бұқтырма кентін абаттандыру, демалыс орындарын көбейту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ Орел тауы маңында тау-шаңғы кешенін дамыту, жаңа демалыс орындарын ашу, туристерге арналған нысандар салу жобалары қолға алынған.


PS: Кезінде ел игілігіне қолданылған Парыгино әуежайы бүгінде қаңырап, төңірегін тыныштық қамтыған. Қызыққан инвесторлар әлі де барлап, нақты бір шешімге келе алмай жүрген сыңайлы. Дегенмен әуежай аумағы мен инфрақұрылымы дұрыс пайдаланылса, өңірдің дамуына серпін беретін нысандардың біріне айналуы мүмкін. Әзірге нақты жоба әзірленіп, кесімді ұсыныс болмаса да, тұрғындар бұл әуежайдың қайта жанданғанын күтеді.


Әдемі САИНОВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив