Қазақстанда еңбек кітапшаларын қолданыстан шығарып, азаматтардың еңбек өтілін цифрлық форматта тіркеу жоспарланып отыр. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Оның сөзінше, мемлекеттік қызметтер цифрланып жатқандықтан, қағаз түріндегі еңбек кітапшасы өзектілігін жоғалтты.
— Біз қағаз түріндегі еңбек кітапшаларынан бас тартуды жоспарлап отырмыз. Ол өткен ғасырдың құжаты деп есептейміз. Жасанды интеллектіні дамыту дәуірінде еңбек кітапшалары тарих қойнауына кетуі тиіс, — деді Ербол Тұяқбаев.
Оның айтуынша, азаматтардың еңбек өтілі жөніндегі қажетті ақпарат мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қазірдің өзінде бар. Ал жұмыс берушілердің деректері цифрландырылған.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, 2027 жылдан бастап электронды еңбек кітапшаларына көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бірте-бірте қағаз түріндегі нұсқасы мүлде қолданыстан шығады.
— Адам еңбек кітапшасы қайда сақтаулы, жоғалып қалды ма, жоқ па, ол жөнінде ойланбауы керек. Ондағы деректердің барлығы жүргізуші куәлігі және басқа да құжаттар секілді жүйеде сақталуы қажет, — деді ол.
Сонымен бірге, еңбек кітапшасын цифрлық форматқа көшіру еңбек өтілін нақтылауды жедел әрі оңай қылады және азаматтардың мемлекеттік қызметті алу үдерісін жеңілдетеді.
Пікірлер