A+ A A-

talgatzhan 66 Бүгін, 17:05 0

Өскеменде БАҚ өкілдері әскери сайыста бақ сынады

Бүгін / Өскемен

Облыс орталығында БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында «Ұлттық ұлан қатарындағы бір күн» атты әскери-патриоттық сайыс өтті. Іс-шараға өңірдегі түрлі БАҚ өкілі қатысып, әскери өмірдің бір күнін бастан өткерді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алдыда алты кезең бар

Сайыс қатысушылар бірнеше кезең бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, олар жаралы адамды тасымалдау, автоматты бөлшектеп-жинау, сапер күрегін нысанаға лақтыру және автоматтан оқ ату секілді тапсырмаларды орындады.
Қазақстан Журналистер одағы ШҚО филиалының төрағасы Мерей Қайнарұлының айтуынша, сайыс журналистердің әскери қызмет ерекшеліктерімен танысуына мүмкіндік берді.
– БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ұлттық ұлан қатарындағы әскери өмірдің бір күнін көрдік. Қатысушылар алты кезең бойынша өз мүмкіндіктерін байқады. Ең бастысы, қатысушылар қаламын қаруға ауыстырып, даладағы қарбаластың куәсі атанды. Сайыс тартысты әрі қызықты өтті. Осындай мереке қарсаңында әріптестердің басы қосылып, көтеріңкі көңіл күйге ие болды, – деді Мерей Қайнарұлы.
Ал Ұлттық ұланның Шығыс өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы Бағдат Амангелдінің сөзінше, мұндай іс-шаралар журналистер мен әскери қызметкерлер арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
– БАҚ күніне орай журналистердің басын қосып, әскери-патриоттық сайыс ұйымдастырдық. Қатысушылар толыққанды сарбаздың рөлін сезініп көрді. Олар әскери форма киіп, жараланған адамды тасымалдады, қаруды бөлшектеп-жинады, мергендік қабілеттерін сынады және әскери жаттығулар орындады. Болашақта бұл сайысты дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Әсіресе нәзік жандылардың белсенді қатысып, кей жағдайда ер азаматтардан да жоғары нәтиже көрсетуі қуантты, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, сайыстың мақсаты – журналистерге әскери қызметтің қыр-сырын таныстыру, патриоттық рухты нығайту және кәсіби мереке қарсаңында әріптестердің басын қосу. Іс-шара соңында жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар арнайы марапаттар және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Енді осыған қысқаша тоқталайық.

Жарыс жүлдесі қомақты

Бас-аяғы үш команда тіркелді. 20-дан астам журналист, оператор, редактор һәм фотограф. Шарадағы шиеленісті сәттерді қуатты фотоаппаратқа тартып жүрген Жангелді Сайндолда әмбебап маман болды. Өзі Өңірлік коммуникациялар қызметінде әралуан брифингіні, облыс аумағындағы ауқымды бәсеке-жиындарды кадрға алып, ала доп бәсекесінде де белсеніп жүреді. Ал бүгін кедергілерден жүгіріп, мылтықтан атып, сапер күрегін де лақтырды. Сол аралықта әріптестерінің де өнерін фотоаппаратына түсіріп, екі «майданда» қатар атой салды. Осы жолы «Арлан», «Қыран» және «Орда» командаларының сарбаздары сап түзеді. Ұйымдастырушылар жүлде қоры қомақты болады деп әу баста ескерткен-ді. Кейбірі кәсіби мереке қарсаңында аз-кем олжалы болып қалуды ойлағандарын да әзілдеп жеткізген. Анығы сол, БАҚ күнінде бақ сынаған журналистер әр кезеңде ұпайды молынан иеленуді көздеген еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. Бірінің атқан оғы ауа қармап, бірінің лақтырған күрегі нысанаға қадалғысы келмей тығырыққа тіреді. Бұл ретте дәрігер де, қолдап, қолұшын созған жедел әрекет ету жасағы жігіттерінің де еңбегін бөле-жара атап өткен орынды.
Аспанды ала бұлт торлап, маңдайдан сүйген самал жел аптап ыстықты аз да болса шетке ысырды. Қатысушылар мұнараға шығып-түсу жаттығуын орындаған сәтте жауын сілбілеп, төңірек еркін тыныстады. Бұл сайыстың соңғы кезеңі болатын. Бұдан соң марапаттау кезеңі өтіп, жеңімпаз команда анықталды. Нәтиже төмендегідей:

1 орын – «Арлан»
2 орын – «Орда» 
3 орын – «Қыран» командасы.

Әскери-патриоттық сайысты өткізуде демеуші болған KazMinerals компаниясын атап өткен жөн. Осы мекеменің баспасөз хатшысы Ермек Дюзкенов журналистер мерекесінің әр жылы жоғары деңгейде өтуіне қолдауын төгіп келеді. Үш команда да сертификаттарға ие болды. 1 орынға – 200 мың теңге, 2 орынға – 150 мың теңге және 3 орынға – 100 мың теңге.
Тағы бір айта кетерлігі, жарыс қорытындысы шыққан соң бірқатар БАҚ өкілі Қазақстан Республикасы Журналистер Одағына қабылданды. Айталық, Шығыс Қазақстан облыстық «Менің өлкем» газеті мен Buqara.kz сайтының шығарушы редакторы Қымбат Мухамадиева, облыстық F16 сайтының фотографы Дана Әбдікәрім бүгін ресми түрде Одаққа өтті. Артынша, әріптестер естелік суретке түсіп, әскери формаларын аман-есен тапсырды.

Ұлжан ЖАЛЫНДАҚЫЗЫ
Фото: Жангелді Сайндолда

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив