A+ A A-

talgatzhan 32 Бүгін, 16:00 0

Жыл басынан бері БЖЗҚ қазақстандықтарға 24,7 миллионнан астам қызмет көрсетті

Бүгін / Республика

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қазақстандықтар үшін зейнетақы қызметтерінің қолжетімділігін арттыра отырып, электронды сервистерді дамытуды жалғастыруда. Бүгінгі таңда операциялардың басым бөлігін кез келген ыңғайлы уақытта қордың сайты мен мобильді қосымшасы арқылы онлайн түрде алуға болады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

2026 жылдың алғашқы бес айында қор халыққа 24,7 млн қызмет көрсетті. Оның 14,3 млн-ы электронды форматта ұсынылса, тағы 9,9 млн-ы автоматты түрде жүзеге асырылды. Осылайша, қазақстандықтар барлық қызметтердің 98,7%-ын қашықтан алған. Ал есепті кезеңде БЖЗҚ кеңселерінде 322,1 мың адамға қызмет көрсетілді.

БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттары алғашқы зейнетақы жарнасы түскеннен кейін автоматты түрде ашылады. Осындай механизм «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатысушылар үшін де қолданылады, оларға нысаналы жинақтаушы шоттар автоматты түрде ашылады.

Жыл басынан бері автоматты түрде 891,7 мың зейнетақы және нысаналы жинақтаушы шот ашылды.

Қай қызметке сұраныс ең жоғары болды?

Зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы үзінді көшірме (выписка) алу ең көп сұранысқа ие қызмет болып қала береді. Жыл басынан бері қазақстандықтарға 15 млн-нан астам үзінді көшірме берілді. Оның 13,3 млн-ы электронды форматта, ал тағы 1,5 млн-ы автоматты түрде алынған.

БЖЗҚ өз жинақтарының жай-күйін қордың сайтындағы жеке кабинет, мобильді қосымша немесе eGov порталы арқылы тексеруге болатынын еске салады.

Электронды сервистер арқылы салымшылар, сонымен қатар, жеке деректерін өзгерте алады, шоттарының бар екендігі туралы анықтама ала алады, зейнетақы төлемдеріне өтініш бере алады, жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) сенімгерлік басқаруына аудара алады, сондай-ақ болашақ зейнетақысын есептеу үшін зейнетақы калькуляторын пайдалана алады.

Салымшылар қанша өтініш берді?

Есепті кезеңде салымшылар зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға аударуға 38,7 мың өтініш жолдады. Олардың көпшілігі онлайн ресімделді.

Бұдан бөлек, БЖЗҚ-ға деректемелерді (реквизиттерді) өзгерту бойынша 46,7 мың өтініш түсті, бұл ретте шамамен 44 мыңы тікелей қордың кеңселерінде ресімделген.

Қанша адам кеңес алды?

Қызмет көрсетумен қатар, БЖЗҚ мамандары ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын да жалғастыруда. Жыл басынан бері 25,1 мың көшпелі презентация өткізіліп, оған 505 мыңнан астам адам қатысты. Бұған қоса, қордың материалдары негізінде бұқаралық ақпарат құралдарында (БАҚ) 17 мыңға жуық ақпараттық материал жарияланды.

Жылдың алғашқы бес айында БЖЗҚ-ның байланыс орталығы (call-центр), ресми сайты, мессенджерлері мен әлеуметтік желілері арқылы 192,5 мың өтініш келіп түсті.

Қор кез келген ұйым жинақтаушы зейнетақы жүйесінің мәселелері бойынша кеңестер мен презентациялар өткізу үшін БЖЗҚ мамандарын шақыра алатынын атап өтті.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив