A+ A A-

talgatzhan 32 Бүгін, 17:00 0

Жыл басынан бері тұтынушыларға қанша қаражат қайтарылды

Бүгін / Республика

Биылғы бірінші жартыжылдықта Астана қаласындағы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне түскен өтініштер бойынша тұтынушыларға 306 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл туралы департамент басшысы Еркебұлан Тағашов мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

— Жарты жыл ішінде 1 517 азаматқа қолданыстағы заңнама бойынша түсіндірме берілді. 2 435 жағдайда тұтынушылардың құқықтары қорғалды. Ал 918 азамат кәсіпкерлермен дауды өзара келісім арқылы шешіп, өтініштерін қайтарып алды, — деді Еркебұлан Тағашов.

Оның айтуынша, тағы 1 281 өтініш құзыретті мемлекеттік органдарға жолданған. Қазіргі уақытта 549 өтініш қаралу сатысында.

— Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушыларға жалпы сомасы 306 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды, — деді департамент басшысы.

Еркебұлан Тағашовтың сөзінше, азаматтар көбіне сапасыз тауарлардың сатылуына, тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тартуға, сондай-ақ жеткізу мерзімінің бұзылуына байланысты шағымданған.

Сонымен қатар, сапасыз көрсетілген қызметтерге, шарт талаптарының орындалмауына, тауарлар мен қызметтер туралы толық емес немесе жалған ақпараттың берілуіне қатысты өтініштер де жиі түскен.

—Азаматтар қоғамдық тамақтандыру мен жеткізу қызметтеріндегі заңбұзушылықтарға, өткізілмеген іс-шаралар үшін төленген қаражатты қайтаруға, сондай-ақ қашықтан және электрондық саудаға қатысты мәселелер бойынша да жиі шағымданады, — деді Еркебұлан Тағашов.

Фото: СҚО прокуратурасы

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив