Жазғы демалыс кезінде өңірде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері лагерьлерде қауіпсіздік шараларын күшейтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазір аймақта 11 балалар сауықтыру лагері жұмыс істеп тұр. Әр лагерьге полиция қызметкерлері мен аумақтық бөлімшелердің басшылары бекітілген. Жалпы балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 33 полиция қызметкері мен 11 бөлімше басшысы жұмылдырылған.
Полиция қызметкерлері лагерьлерге тұрақты түрде барып, балалармен профилактикалық кездесулер өткізуде. Олар қоғамдық орындарда, жол қозғалысы кезінде және су айдындарының маңында қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын түсіндіруде.
Сондай-ақ лагерь әкімшілігімен, тәлімгерлермен өзара іс-қимылға және демалыс орындары аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.
Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері бейнебақылау жүйелерінің жарамдылығын, күзет бекеттерінің жұмысы мен қызметкерлердің төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуге дайындығын тексереді.
Облыстық Полиция департаменті мәліметінше, балалардың жазғы демалысы кезінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқық қорғау органдары жұмысының басым бағыттарының бірі ретінде айқындалады.
Облыстағы лагерлерде жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралар жазғы маусым бойы жалғасады.
Пікірлер