Күні кеше облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов №25 мектептің 4-сыныбын бітірген Жәңгір Дастанұлын жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазірдің өзінде Дастан елдегі ең үздік бес жас математиктің бірі.
Жас дарын халықаралық олимпиадаларда Қазақстан абыройын асқақтатып келеді. Оның қоржынында Сингапур, Әзербайжан, Өзбекстан және Түркияда өткен білім додаларында жеңіп алған алтын, күміс және қола медальдар бар.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов әр жеңістің артында Жәңгірдің тынымсыз еңбегі, ұстазы Светлана Тинькованың кәсіби шеберлігі және ата-анасының жан-жақты қолдауы тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, дәл осындай берік ынтымақтастық үлкен жетістіктерге жол ашады.
– Бүгінде Шығыс Қазақстанда түрлі математикалық олимпиадалар мен жарыстардың жеңімпазы және жүлдегері атанған 100-ге жуық оқушы бар. Бұл– өңіріміз үшін зор мақтаныш әрі еліміздің интеллектуалдық болашағының жарқын екенінің айқын дәлелі, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы жас математикке алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, білімге деген құштарлығын жоғалтпай, өз күшіне әрдайым сеніммен қарауға тілектестік білдірді.
Пікірлер