Жуықта «Алтай-Өскемен» ҚПЛ-дың 15-туры аясында қостанайлық «Тобылға» қарсы ойнаған болатын. Ойын 1:3 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мачтан кейінгі баспасөз-жиынында өскемендік ұжымның бас бапкері Вахид Масудов төрешілердің өз ісіне атүсті қарап, бұра тартқандарын жасырмады.
– «Тобылға» жеңіс керек болып, төрешілер бір тарапқа ғана ысқырған секілді. Менің командама шетелдіктер төрелік еткенін қалаймын. Құлаққа түрпідей тисе де, айтарым осы. Оқу-жаттығу жиынында жүргенде бізге өзбектер, қырғыздар, ресейліктер төреші болды. Ешкімге мін тақпадық. Ал мұндағы чемпионатта бірнәрсе қайталана береді, – деді бапкер.
Вахид Масудов төрешілер біліктілігіне де күмән келтірді.
– Ондай болса, оларды қоймаңыздар. Не үшін шақырылды? Чемпионат аясында қызмет көрсетулері тиіс қой. Неліктен ойын тағдырын олар шешулері керек? – деді ол.
Бас бапкер ойын барысында бірінен соң бірі жалғасқан кедергілерді тізбелеп, «сіздерге мұның бәрі қызық болып көрінбей ме?» деп сауал тастап кетті.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет сайт мұрағатынан
Пікірлер