Осинов асуында көпірге зақым келіп, жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
30 маусым күні ұзаққа созылған нөсер жауын-шашынның салдарынан Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнары тасжолының 64-шақырымында орналасқан Пихтовка өзені арқылы өтетін көпірге зақым келді.
— Тіректердің бірі зақымданып, аралық құрылыстың шеткі плитасының құлау қаупі туындады. Осыған байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шұғыл түрде апаттық-қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта аралық құрылыстың шеткі плитасын бөлшектеу жұмыстары аяқталды. Көпір тірегін күшейту, су бұру науаларын орнатуға дайындық жұмыстары жүргізілуде, — дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Нұрбек Темірханов.
Жөндеу жұмыстары екі ауысымда жүргізіліп жатыр. Оған «КАЖсервис» ЖШС ШҚО филиалы мен мердігер ұйым — «ОблШығысЖол» ЖШС-нің мамандары мен арнайы техникасы жұмылдырылған. Нысанда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
Тасжолдың 6-66-шақырым аралығында бір оське түсетін жүктемесі 6 тоннадан асатын жүк автокөліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Жеңіл автокөліктер үшін қозғалыс ашық.
Ауыр жүк көліктері үшін облыстық маңызы бар Өскемен-Самар-Үлкен Нарын автокөлік жолы арқылы балама бағыт қарастырылған. Негізгі учаскедегі қозғалысты 8 шілдеге дейін толық қалпына келтіру жоспарланып отыр.
Пікірлер