«Қара сора-2026» жедел алдын алу шарасы аясында ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №24 мекемесінің жедел бөлім қызметкерлері ШҚО Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, Өскеменде сотталғандар жұмыс істейтін азаматтық кәсіпорындардың бірін тексерді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жеке тінту барысында №24 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғанның сөмкесінен қара түсті изолентамен оралған, ақ түсті ұнтақ тәрізді, өзіне тән иісі бар зат салынған екі түйіншек табылып, тәркіленді.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды. Тәркіленген зат сот-сараптамаға жолданды. Сараптама қорытындысына сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
- Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері құқық қорғау органдарымен бірлесіп, сотталғандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу бағытында тұрақты жедел алдын алу шараларын жүргізеді. Заңсыз әрекеттердің әрбір дерегі дер кезінде анықталып, заң аясында тиісті құқықтық баға беріледі, - деді ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
Пікірлер