Ауданда жүргізуші куәлігін рәсімдеуге көмектесемін деген уәдемен жасалған алаяқтық фактісі тіркелді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес 2005 жылы туған Зайсан қаласының тұрғыны полицияға жүгініп, танысы жүргізуші куәлігін алып беруге көмектесемін деп, оның 6 миллион теңгеден астам ақшасын иемденіп кеткенін мәлімдеді.
– Жәбірленушінің айтуынша, ақпан айында ол Алматы облысындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет өткерген танысымен қайта араласа бастаған. Әңгіме барысында ер адам өзін Алматыдағы арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері ретінде таныстырып, жүргізуші куәлігін алуға көмектесе алатынын жеткізген. Оның сөзіне сенген азамат алдымен келісілген соманы аударған. Кейін танысы түрлі себептер айтып, бірнеше рет қосымша ақша сұраған. Нәтижесінде жәбірленуші 6,6 млн теңгеден астам қаржысынан айырылды. Ақшаның бір бөлігі белгісіз тұлғалардың есепшоттарына аударылды, - делінген ШҚО Полиция департаментінің ақпаратында.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Пікірлер