Аудандық сот негізсіз ақшалай байыту сомасын өндіріп алу туралы арыз бойынша істі қарады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Соттың мәліметінше, 2025 жылдың 1 қазанында аудан тұрғынына өздерін клиника мен ҚР Ұлттық банкінің қауіпсіздік қызметінің өкілдері ретінде таныстырған белгісіз тұлғалар алаяқтықтың алдын алу сылтауымен жауапкердің атына ашылған банк шотына 2 000 000 теңге аударуға көндірген.
Жауапкер талап арызды жоққа шығарып, шотты ашпағанын, қаражатты алмағанын және «OKX» криптовалюта биржасында фотосурет арқылы тексеруден өту кезінде алаяқтықтың құрбаны болғанын түсіндірді.
Сот қаражаттың жауапкердің шотына салынғанын анықтады. Банктік көшірмеге сәйкес талапкер терминал арқылы қаражатты салған. Бұл ұсынылған түбіртектермен де расталған. Алайда жауапкер шоттың оның қатысуынсыз немесе жеке деректерін заңсыз пайдалану арқылы ашылғанын айғақтайтын дәлелдер келтірген жоқ.
Айқындалған мән-жайларды ескере отырып, сот жауапкерге талапкердің пайдасына 2 000 000 теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды. Шешіммен келіспеген жауапкер апелляциялық шағым берді. Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың шешімін заңды және негізді деп танып, оны күшінде қалдырды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Пікірлер