
Өскемендегі «Торпедо» әйелдер клубы жабыла ма?
Даурықпа ақпараттың таралуы әп-сәтте. «Бүлінген телефон» деген ойын осыны еске салады. Әлдебір деректі, әлдеқандай сөзді соңғы адамға жеткізгенше мағынасы мен түпнұсқасы түгел өзгереді. Жұрт арасында қаладағы «Торпедо» әйелдер хоккей командасы жабылғалы жатыр деген мәлімет тарап, бәрі әлеуметтік желіде шуласып қалды. Жуықта осыған қатысты арнайы брифинг өткен болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әңгімені әсірелеген кім?
Дәл осы әңгіме соңғы күндері әлеуметтік желіні ғана емес, бүкіл спортқа немқұрайлы қарамайтын қауымды түгел дерлік алаңдатты. Ақпараттың анық-қанығы айтылмай, түрлі болжам көбейген сайын қоғамдағы алаң да күшейе түсті.
Бір-біріне бейресми ақпар тарату жиілей бастағанда облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдері ресми мәлімдеме жасауды жөн көрді. Сәтті күн саналатын сәрсенбі күні түс ауа бәрі басқарма орын тепкен мекеме жиналды. Жауапты да бірден берді. Басқарма өкілдерінің айтуынша, әйелдер командасы жұмысын жалғастыра береді. Қаржыландыру толық көлемде сақталады және жаңа маусымда Qyzdar Hokei Ligasy чемпионатына қатысады.
Мұндай мәліметтен соң біздің де көңіліміз орнына түскен. Бірақ бір сұрақ сананы айналсоқтап, сол күйі жауапсыз қалды. Команданың жабылатыны туралы әңгіме қайдан шықты? Ондаған ата-ана бір мезетте ойдан шығара салды деу қисынға келмейді. Әлеуметтік желілерде әйелдер командасы мен балалар-жасөспірімдер мектебі «Торпедо» хоккей клубы құрылымынан шығарылған соң бәз-біреулер ата-аналарға ұжымның болашағы бұлыңғыр деп айтқаны жөнінде жазбалар тарады.
Көпшілік анық-қанығына үңілмей илана бастаған. Ата-аналар мұны қыздарының спорттағы жолына қауіп төнді деп қабылдады. Сондықтан мұндай әңгімені әсірелеп айту ешкімге абырой келе қоймайтыны белгілі. Ресми түсініктеме де жұртшылық наразылығы күшейіп, мәселе спорт шеңберінен шығып кеткеннен кейін ғана берілді. Қызығы сол, сан түрлі сауалға басқарма басшысы емес, жоғары спорт жетістіктері бөлімінің басшысы жауап берді. Мәлімдеменің өзі де «команда жұмысын жалғастырады», «қаржы қарастырылып қойған» деген ресми сөйлемдерден аса қойған жоқ.
Бас бапкердің айтқаны
Мәселе өзектілігін ескерсек, бұл жауап республикаға танымал ұжым болашағын түпкілікті айқындайтын дерек ретінде қабылданбай отыр. Әсіресе, Өскеменнің өзі үшін тосын жағдай. Себебі бұл қала Қазақстан хоккейінің шеберханасы деп бекер аталған жоқ. Осы өңірден ел намысын халықаралық ареналарда қорғаған талай саңлақ шықты. Ал «Торпедо» әйелдер хоккей ұжымы соңғы алты маусым бойы Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін иеленіп келеді. Команданың бірнеше ойыншысы жыл сайын ұлттық құрама сапына шақырылып, әлем және Азия чемпионаттарында ел намысын қорғап жүр.
Мұндай ұжымнан айырылу бір команданың жабылуы ғана емес, өңір спортының беделіне бағытталған ауыр соққы болар еді. Бәлкім, қоғамдағы қызу талқы да мәселенің тез шешілуіне себеп болған шығар. Ресми жауапты ескерсек, «Торпедо» әйелдер хоккей клубы жаңа маусымға еш кедергісіз дайындалып, жанкүйерлерін жақсы нәтижелерімен қуантады деп сенгіміз келеді. Алайда бұл оқиға спорт саласындағы жауапты тұлғаларға маңызды сабақ болуы тиіс.
Өйткені ұлттық құрама ойыншыларының, кәсіби команда мен спортқа енді ғана қадам басқан ондаған баланың тағдырына қатысты мәселеде үнсіз қалуға болмайды. Мұндай жағдайда қоғамға дер кезінде әрі түсінікті ақпарат беру – жауапты мекемелердің басты міндеті.
Ал команада бапкері Мария Федоренко команданы сақтап қалу үшін барын салатындарын айтты. Өзінің айтуынша, клуб тарайды деген қауесет мәселе желіде талқылана бастағанда бір-ақ білген. Қандай да бір белгі де байқалмаған көрінеді.
– Маусым бойы жалақымыз уақытында төленді, Qazaq Hockey Ligasy чемпионатында ешқандай қаржылық қиындықсыз өнер көрсеттік. Барлық жарысың шығыны толық өтелді, маусым барысында қаржы мәселесі туындаған емес. Маусым аяқталған соң балалар-жасөспірімдер және әйелдер хоккейінің басқару құрылымы өзгерді. Бізбен еңбек шарттарына сәйкес толық есеп айырысты. Кейін жаңа басшылық келді. Олармен үнемі байланыста болып, алдағы жұмыс қалай ұйымдастырылатынын сұрап отырдық. Бізге бәрі жақсы болатынын, тек сәл күте тұру қажет екенін айтты, – деді ол.
Директор не деді?
Бірақ біраз уақыт өткен соң бапкер Словакияда жүргенде, әзірге қаржы бөлінбегені туралы хабар жеткен. Соған байланысты ересектер командасын ұстап тұруға және ойыншыларға жалақы төлеуге мүмкіндік жоқ екені айтылыпты.
– Жоспар бойынша тек жастар командасы мен дайындық топтары ғана сақталуы тиіс болған. Біз жағдай қалай өзгеруі мүмкін деп сұрағанда, оны бір-екі ауыз сөзбен түсіндіру қиын екенін жеткізді. Осыдан кейін қыздар спорт мектебінің директорымен кездесті. Ол қаржы жоқ екенін ашық айтып, басқа клуб іздеуге кеңес берген. Дәл осы сөзден кейін бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып, үлкен резонанс тудырды, – деді Мария Федоренко.
Мәселе қоғам назарын аудара бастағанда басшылық өкілдері бәрі бас қосып, жағдайды талқыға салған.
– Олар әйелдер командасы сақталып, қаржыландыру жалғасатынына кепілдік берді. Бұл жерде ойыншылар жалақысы, Qyzdar Hokei Ligasy чемпионатына қатысу, оқу-жаттығу жиындарын өткізуге қажетті барлық жағдайдың жасалуы қамтылып отыр. Әрине, енді осы айтылғандардың бәрі ресми құжаттармен бекітіледі деп күтіп отырмыз. Себебі, барлық уәденің орындалатынына заңды тұрғыдан құжаттар ғана нақты кепіл бола алады, – деді бапкер.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер