Бүгін Серебрянск қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Жасыл толқын» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – аумақтарды абаттандыру, қоқыстарды жинау және қоғамдық әрі өндірістік нысандардың санитарлық жағдайын жақсарту, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Экологиялық бастамаға шамамен 200 адам қатысты. Оның ішінде волонтерлер, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері, еңбек ұжымдарының өкілдері болды.
Абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары Авангард ауданындағы қалалық саябақ, Бұқтырма гидроэнергетикалық кешен, Бұқтырма шлюзі, «Серебрянск қаласының Жылу-су орталығы» КМҚК және «Ertis Bereke Oskemen» ЖШС аумақтарын қамтыды.
Акцияға қатысушылар қаланың таза, көрікті әрі жайлы ортасын қалыптастыруға үлес қосты. Мұндай бастамалар түрлі сала өкілдерін ортақ игі мақсатқа біріктіріп, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастырудың жақсы дәстүріне айналуда.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» – бұл тек аумақтарды тазарту ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаға деген жауапкершілікті бірлескен іс арқылы көрсетудің жарқын үлгісі. Таза қала тұрғындардың жанашырлығы мен белсенділігінен басталады. Осындай әрбір игі іс қаланы жайлы әрі көркейген мекенге айналдыру жолындағы маңызды қадам болмақ.
Пікірлер