Глубокое ауданындағы Веселовка ауылында «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Бұл ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен ҚР Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов қатысты. Елді мекендерде төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Әсіресе, өрт шыққан жағдайда құтқарушылардың оқиға орнына уақтылы жетуі адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады. Осы тұрғыдан алғанда, Веселовкадағы жаңа бекет ауыл тұрғындары үшін маңызды нысанға айналып отыр.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша мән беріп келеді. Жаңа бекет ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып, төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге, адам өмірін сақтап, шығынның алдын алуға мүмкіндік береді. «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында облыста жалпы саны 19 өрт сөндіру бекеті ашылды. Жаңа өрт сөндіру бекеті ауылдың сенімді қорғанына айналсын! – деді аймақ басшысы.
Нұрымбет Сақтағанов бекеттің ашылуына үлес қосқан азаматтарға алғыс айтып, осында қызмет атқаратын өрт сөндірушілерге сәттілік тіледі.
Ашылу салтанатында азаматтық қорғау жүйесін дамытуға үлес қосқан азаматтар да марапатталды. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығына сәйкес, «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен «ПГС-Недра» ЖШС директоры Тимур Виситаев марапатталды. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хаты аталған серіктестіктің жоба менеджері Сергей Терскихке табысталды.
Қажетті техника және құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілген жаңа өрт сөндіру бекетінің іске қосылуы - ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Пікірлер