A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 10:30 0

Өскеменде Риддердің мәдени күндері өтті

Бүгін / Риддер / Басты

Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Риддер қаласының мәдени күндері ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кеншілер шаһарының өнері мен мәдениетін, ғылыми жетістіктері мен туристік әлеуетін таныстырған шара көрме, артынша концертпен жалғасты. 

Табиғатымен көпке танымал Риддер бұл жолы өзін тың жобалары мен заманауи технологиялары арқылы танытты. Филармония фойесінде қолөнер шеберлерінің туындылары, жас ғалымдар мен оқушылардың ғылыми жобалары қойылды. Келушілерді кіреберісте бойы екі метрден асатын ерекше робот қарсы алды. Оның жанында суретке түсіп, жұмыс істеу ерекшелігін қызықтағандар аз болған жоқ. Көрме аясында сирек кездесетін басылымдар, кітап инсталляциясы және кеңістіктік бейнелер арқылы ұсынылған екі голограмма көпшілік назарына ұсынылды. Экспозицияда ұлттық өнер мен заманауи технологияның үйлесімі де айқын көрінді.

Риддер әкімі Думан Рахметқалиевтің айтуынша, мұндай шаралар шаһар мүмкіндіктерін кеңінен танытып, туристік әлеуетін арттыруға жол ашады.

– Көрсететін дүниелеріміз өте көп. Риддердің өнерлі азаматтары, ботаникалық бақ өкілдері мен түрлі жоба әзірлеген оқушылар өз жұмыстарын алып келді. Бұл – Риддер тұрғындары үшін ғана емес, осында еңбек етіп жүрген, туған жерін сағынған адамдар үшін де жақсы мүмкіндік. Қаламызды басқа қырынан танытып, болашақта туризм саласын дамытуға үлес қосады деп сенемін, – деді қала әкімі.

Көрмеге қойылған ерекше туындылардың бірі – микросхемалардан жасалған ұлттық нақыштағы әшекейлер. Бұл бұйымдар дәстүрлі қолөнерді заманауи материалдармен ұштастырып, ұлттық өнерге жаңаша көзқарас қалыптастыруға болатынын көрсетті.

– Бұл – менің жаңа жобам. Онымен айналысу маған қатты ұнады. Жұмысты аяқтауға аз қалды. Өзім шеберлерге жетекшілік ететіндіктен, бұл сала маған жақын. Ең қиыны – қажетті платаларды табу болды. Соған қарамастан, қазақы нақыштағы әдемі бұйымдар жасап шықтым. Негізінен, бұл – экологиялық жоба. Әр бөлшекті құрастырып, бір-біріне бекіту көп уақытты талап етеді, – деді Риддердегі Достық үйінің шебері Ирина Недобидко.

Көрмеде оқушылардың робототехника, экология және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобалары да таныстырылды. Олардың қатарында қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуды көздейтін SteepWrap, мектеп оқушыларының күнделікті өмірін жеңілдетуге арналған Smart Backpack және ауа сапасын бақылауға мүмкіндік беретін AQ-Net жобалары бар. Әлеуметтік маңызы бар жобалардың бірі – есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға қолайлы орта қалыптастыруға арналған әзірлеме.

– Бүгінгі жобамның тақырыбы – есту және сөйлеу қабілеті бұзылған жандар үшін инклюзивті орта қалыптастыру. Негізгі мақсатым – қимылдарды нақты уақыт режимінде қазақ тілінде дыбыстау. Бұл қарым-қатынас жасап, өзара түсіністікті арттыруға үлкен мүмкіндік береді деп ойлаймын, – деді «Шаңырақ» мектебінің оқушысы Әлихан Дарханұлы. 

Көрменің тағы бір бөлігі Риддердің флорасы мен фаунасына арналды. Мұнда жануарлар экспонаттары, дәрілік шөптер, сирек кездесетін өсімдіктер мен шырғанақтың түрлі сұрыптары қойылды. Сонымен қатар, қала брендіне айналған шыршалар да көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге ғылыми зерттеулер нәтижесінде әзірленген өнімдер де әкелінді. Атап айтқанда, кіші ғылыми қызметкер Құндыз Тұрсынғали құлпынай сығындысынан жасалған сабын-гель өнімін таныстырды.

– Бүгінгі көрмеге жаңадан әзірлеген сабын-гель өнімін алып келдік. Оны жасауға алты ай уақыт кетті. Қазір лицензия алып, өнімді сатылымға шығарып жатырмыз. Оны дене мен бет күтіміне қолдануға болады, – деді ол.

Көрме келушілердің де қызығушылығын тудырды.

– Жыл сайын әр ауданның көрмесіне баруға тырысамын. Әр өлкенің өз ерекшелігі бар, соны бақылап, бағамдағанды ұнатамын. Зейнеткер болған соң үйде бос отырғанды қаламаймын. Осындай шаралар өте жақсы. Әр жұма сайын келіп, аудандардың ерекшеліктерін көремін. Риддердің көрмесі маған ұнады. Барлық дүниесін алып келіпті, оқушылар да өз жобаларын таныстырды. Табиғаты тамаша ғой бұл өлкенің. Көрмені аралап, Риддерге барып келгендей әсер алдым. Әсіресе, кіреберісте қарсы алған үлкен робот ерекше ұнады, – деді қала тұрғыны Бибігүл Шәріпқызы.

Көрме бағдарламасынан кейін мәдени күндер концертпен жалғасты. Сахнада шаһар өнерпаздарының шығармашылық қойылымдары ұсынылды. Көрермендер ән тыңдап, күй тамашалап, заманауи билерді көрді. Сонымен қатар, балалық шаққа саяхат жасатқан ертегі қойылымы сахналанды. Бағдарлама барысында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы жұмыстарға да назар аударылды. Ал концерттің басты ерекшеліктерінің бірі – жүргізушілік міндеттің жасанды интеллектке жүктелуі. Ол кешті қазақ және орыс тілдерінде жүргізді. Бұл мәдени шараға заманауи технологияларды енгізудің бір көрінісі болды. Бұдан бөлек, LED-экрандарда Риддер қаласына қатысты үш сұрақтан тұратын интерактивті ойын ұйымдастырылды. QR-кодты пайдаланып, сұрақтарға бірінші, әрі жылдам жауап берген көрерменге арнайы сыйлық табысталды.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив