
Күршімдік Нұржан Қаратаев қамыстан үйлер салады
Күршім жұртының қонақжайлығымен қатар, еңбекқорлығы да ерекше көзге түсті. «Туған жерге туыңды тік» демекші, аудан тумалары кіндік қаны тамған өлкенің дамуына барынша үлес қосып келеді. Солардың бірі – Алғабас ауылының тумасы Нұржан Қаратаев. Ол қамыстан құрылыс материалдарын әзірлеп, одан тұрғын үй мен түрлі нысан салып жүр. Кәсіпкердің айтуынша, бұл технология құрылысқа кететін уақыт пен қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Қамыстан құрылыс материалдарын дайындайтын кәсіпорынның өнімі жеңіл, жылуды жақсы сақтайды және экологиялық тұрғыдан таза, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жеңіл әрі жылу сақтайды
Еңбегін желкен еткен азаматтың сөзінше, таңертең бір рет от жақса, үй күні бойы жылы болып тұрады. Одан бөлек, мұндай үйлер жер сілкінісіне де төзімді көрінеді. Қамыстан салынатын үйлер сөз болғанда өрт қауіпсіздігі де бірден ойға оралады. Бұл мәселені шешу үшін ғимарат сырты арнайы қаптама материалымен жабылады. Өнім сынақтардан өтіп, тиісті сертификат алған. Қамыстан жасалған құрылыс материалдарының тағы бір ерекшелігі – оның жеңілдігі. Соның арқасында іргетасқа түсетін салмақ азаяды.
– Ауылда кірпіштен салынған 85 шаршы метр үйдің іргетасына шамамен 7 тонна цемент жұмсалады. Ал қамыстан салынған 100 шаршы метр үйге шамамен 2 тонна цемент кетеді. Себебі материал жеңіл. Сондықтан іргетасты да ауыр етіп құюдың қажеті жоқ, – дейді кәсіпкер.
Кәдімгі саман немесе кірпіш үйлердің қабырғасы 70-80 сантиметрге дейін жетсе, қамыстан жасалған қабырғаның қалыңдығы шамамен 20 сантиметр болады. Соған қарамастан, кәсіпкер мұндай үйлердің жылу сақтау қабілеті жоғары екенін атап өтті. Белгілі болғандай, қамыстан тек тұрғын үйлер ғана емес, дәмхана, дүкен және басқа да нысандар салынып келеді.
– Қазір ешкім балшықпен үй салғысы келмейді. Сондықтан бұл әдіс өте ыңғайлы. Барлық бөлшегі нөмірленіп, таңбаланады. LEGO сияқты құрастырылады. Сызбасы мен нұсқаулығын бересің, соған сәйкес жинай береді, – дейді ол.
Қазір кәсіпкер Самар ауданындағы демалыс орнына арналған үйлерді де дайындап жатыр. Аумағы 12×9 метр, екі бөлмелі демалыс үйлерінің қабырғасын шамамен бес сағатта құрастыруға болады. Ал толық үйді 10 күн ішінде аяқтауға мүмкіндік бар. Кәсіпкердің айтуынша, технологияның тиімділігі – материалды ғана емес, құрылыс уақытын да айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік беретінінде. Соңғы уақытта өнімге сұраныс артып, басқа облыстардан да тапсырыс түсе бастаған. Сондай-ақ ол биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кәсібін дамытуға 8 миллион 600 мың теңге көлемінде қаржы алған.
Ауданның медицина саласында да бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Қазір мұнда 25 дәрігер еңбек етеді. Олардың қатарында өзге өңірлерден қоныс аударып келген мамандар да бар. Солардың бірі – «Шығыс шақырады» жобасы арқылы Түркістан облысынан Күршімге көшіп келген стоматолог-терапевт Нұрсұлтан Мырзамет. Ол отбасымен бірге ауданға осыдан жеті ай бұрын қоныс аударған.
– Ақпан айында көшіп келдім. Үй алуға 7 млн теңге берілді. Шыны керек, ол ақша жетпеді. Арзан деген үйдің өзі шамамен 10 млн теңге тұрады. Сондықтан үстіне тағы 3 млн теңге қосып, үй сатып алдым. Одан бөлек, басқа облыстардан келген жас мамандарға аяққа тұрып кетуі үшін қолдау ретінде қаражат беріледі екен. Маған да бастапқыда беріледі деп айтқан. Алайда көшіп келгеннен кейін берілмейтіні белгілі болды. Естуімше, мұндай қаржы тапшы мамандық иелеріне ғана беріледі, – деді Нұрсұлтан Мырзамет.
Ал медбике Мереке Бекболатова Алматы қаласынан Күршімге қоныс аударған. Ол «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауданға келіп, осында жұмысын жалғастыруды жөн көрген.
– Шығысқа келін болып түскен соң, осында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге қалдым. Бұл жер де, жұмыс орным да ұнайды. Әкімшілік тарапынан қолдау көрсетілді, – деді Мереке Бекболатова.
Күршім ауданында медицина саласына кадр тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір мұнда анестезиолог, стоматолог, жалпы тәжірибелік дәрігер, фельдшер, патронаж қызметінің медбикелері, фармацевт және өзге де медицина мамандары жұмысқа орналасқан. Атап айтқанда, Бурабай дәрігерлік амбулаториясына фельдшер, Барақ батыр медициналық пунктіне фельдшер, патронаж қызметіне екі медбике, сондай-ақ перзентхана бөлімі мен мектепке медбикелер қабылданған.
Ал 2027-2028 жылдарға ауданға офтальмолог және онколог дәрігерлер қажет болады. Жергілікті атқарушы органдардың айтуынша, өзге өңірлерден мамандарды тарту және оларды әлеуметтік қолдау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Әдемі АМАНТАЙҚЫЗЫ
Фотосуреттер автордікі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал

Пікірлер