
Өскеменде «Шығыс-Батыс»: өзара құрмет аумағы» атты семинар өтті
Қаладағы А.С. Пушкин атындағы орталық кітапханада «Шығыс-Батыс»: өзара құрмет аумағы» атты семинар өтті. Оған жастар, этномәдени бірлестік өкілдері мен еңбек ұжымдарының мүшелері қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Семинардың мақсаты – ұлтаралық араздықтың алдын алу, қоғамдық келісімді нығайтып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Іс-шара Азаматтық бастамаларды қолдау ұйымының мемлекеттік гранты мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен ұйымдастырылды. Жоба елдің алты өңірін қамтиды.
– Негізгі жұмыс бағыттарымыз – Шығыс және Батыс Қазақстан. Семинар аясында дәрістер, түсіндіру жұмыстары мен жастарға арналған ойын-квесттер ұйымдастырылды. Мұндай форматтар ақпарат таратып қана қоймай, қатысушылармен кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Қоғамдағы бірлікті нығайтуға бағытталған іс-шарада Халық Кеңесіне өткен облыстың үш өкілі де өз пікірлерін білдіреді, – деді саясаттанушы, «Актуалды саясат институты» директорының орынбасары Қазбек Майгельдинов.
Семинарға қалалық Достық үйі қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен жастар қатысты. Ұйымдастырушылар әсіресе жас буынға басымдық берді.
Қатысушылар әлеуметтік желілердегі ұлтаралық араздық белгілерін, өшпенділік тілін ажырату және мұндай жағдайлардың алдын алу жолдарын талқылады. Сондай-ақ араздықты қоздыруға қатысты құқықтық жауапкершілік мәселесіне назар аударылды.
– Бұл тақырып өңіріміз үшін де, еліміз үшін де маңызды. Бірлігімен танылған мемлекетте жас ұрпаққа осындай түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Әрқайсымыз айтқан сөзімізге мұқият болуымыз керек. Бұл тек әлеуметтік желіге емес, күнделікті өмірдегі қарым-қатынасқа да қатысты. Семинарда араздықты қоздыру белгілері мен оның құқықтық салдарын талқылаймыз, – деді облыстық мәслихат депутаты, Халық Кеңесі Президиумының мүшесі Денис Рыпаков.
Семинар барысында пікір білдіру бостандығы мен ұлтаралық араздықты қоздырудың ара-жігі түсіндірілді. Заң аясында тіл саясаты мен өзге де қоғамдық мәселені талқылауға, адамның нақты әрекетін сынап, өз халқының тілі мен мәдениетін мақтан тұтуға болады.
Ал адамдарды ұлтына қарай кемсіту, жекелеген адамның әрекеті үшін тұтас халықты кінәлау, тілін, акцентін немесе сырт келбетін мазақ ету өшпенділік пен алауыздықты қоздыру белгілеріне жатады.
Қазбек Майгельдинов мәлімеьінше, биыл қаңтар-қыркүйек айларында интернет кеңістігінде ұлтаралық алауыздықты қоздыру белгілері бар 425 жағдай анықталған. Оның ішінде 182 материал жойылып, құқық қорғау органдарына 198 хат жолданған. Өткен жылы мұндай жағдайлардың саны 529 болған.
– Сіздерге көршілес Семей қаласында биыл шілде айында Threads әлеуметтік желісінде ұлтаралық және дінаралық алауыздықты қоздыруға қатысты пікір жазған тұрғынға екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, – деп қосты Қазбек Майгельдинов.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабында әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Жазаның түрі мен мерзімі құқық бұзушылықтың мән-жайы мен ауырлығына байланысты белгіленеді.
Еркежан Еркінбекқызы
Фотосуреттер: автордікі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал

Пікірлер