Облыстық экология департаменті Глубокое ауданындағы кеніште жұмыс жүргізіп жатқан Dengbo Success Minerals Ltd жекеменшік компаниясына жоспардан тыс тексерісін тәмамдады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
20 қазанда облыстық Экология департменті табиғатты қорғау прокуратурасымен бірлесіп, тексеріс жүргізген. Оған Верхнеберезовка ауылы тұрғындарының өтініштері негіз болды.
– Тексеру барысында кен орнында іске қосу және баптау жұмыстары жүргізіліп, насос жабдықтары арқылы шахта суы алынды. Кейін Березовка өзеніне ағызылғаны анықталды. Мамандар қоршаған ортаға ықтимал әсерді бағалау үшін шахта суы мен топырағынан сынама алған. Зерттеу нәтижелері су мен топырақ құрамында ластаушы заттардың мөлшері жоғары екенін көрсетті, – делінген департамент ақпаратында.
Тексеру қорытындысына сәйкес кәсіпорын ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328, 331, 337 және 358-баптарына сәйкес жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 20 қазандағы жағдай бойынша компанияда экологиялық рұқсат болмады. Іс материалдары сотқа жіберілді.
Одан бөлек, экология департаменті анықталған заңбұзушылықтарды жою және кен аумағындағы шахта суларының, ластанған жауын мен еріген сулардың су нысандарына жібермеу жөнінде нұсқама берген.
Пікірлер