
Глубокое ауданында ауыл шаруашылығы қарқынды дамуда
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Глубокое ауданының тұрғындарымен есеп беру кездесуін ұйымдастырып, бірқатар қордаланған мәселенің шешімін талқылады. Аудан тұрғындары денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласына қатысты сұрақтарын қойып, өз тілектерін білдірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Черемшанка ауылына 225 жыл
Биыл Глубокое ауданындағы Черемшанка ауылына 225 жыл толды. Мерейтойға орай ауылдағы мәдениет үйінде көрме ұйымдастырылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов аудан кәсіпкерлерінің өнімдерімен танысып, өз бағасын берді.
Айта кетейік, мұнда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бірнеше бастама қолға алынған. Мысалы, Предагорное ауылындағы «Пчелка» ЖК иесі Алексей Дегтярев бал өнімін ұлғайту үшін 9 200 000 теңге қаржы алған. «OmartashyKZ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері шай мен кәмпит өнімдерін шығару үшін 29 530 000 теңге көлемінде қолдауға ие болды. Зимовье ауылындағы «Зимовье» демалыс үйі мен «Перепелкино» эко фермасын ауылдық туризмді дамыту мақсатында ұстау үшін 8 600 000 теңге бөлінген. Чермшанка ауылындағы ірімшік шеберханасы, Белоусовка кентіндегі наубайхана, Быструха ауылындағы бал өнідірісі де «Ауыл аманатының» арқасында қолдау тапты.
Нұрымбет Аманұлы әр кәсіп иесінен қандай көмек керек екенін анықтап, мұндай бастамалардың облыс үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Ауданда жаңа нысандар бой көтереді
Мәдениет үйінде басқарма өкілдері мен аудан тұрғындары жиналып, биылғы жылдың қорытындысы мен жаңадан салынатын нысандар туралы айтылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды.
- Глубокое ауданының бюджеті 17,2 миллиард теңгені құрап отыр. Оның 9,5 миллиарды (55,2%) жеке кіріс, ал 7,4 миллиарды (43,0%) трансферт пен несиеден тұрады. Ауданда «Орика-Қазақстан» АҚ, «ДИМ Строй» ЖШС, «ОблШығысЖол» ЖШС сынды 3 ірі кәсіпорын жұмыс істейді, - деді ол.
Содан кейін ол аудан туризмі жайлы мәліметтер келтірілді. Белгілі болғандай, биылғы жарты жылдықта ауданға 37 600 турист келген.
- Глубокое ауданында 2028 жылға дейін 5 жоба жүзеге асырылмақ. Оған 4,6 миллиард теңге көзделген. Соның ішінде “Заречье” туристік базасын кеңейту, “Алтай алпісі” тау-шаңғы курортында қонақ үйлер, жылы орындықтар, бебби-лифт, арқанжол салу, Секисовка ауылында балық аулауды ұйымдастыру, Таулы Үлбіде SPA-қонақүйлер салу жоспарланған, - дейді Нұрымбет Аманүлы.
Сондай-ақ биыл Өскемен-Таулы Үлбі тасжолының бойында санитарлық-гигиеналық қондырғысы бар бақылау алаңы орнатылды. Ал Таулы Үлбі ауылында 20 орынға арналған қонақ үй құрылысы аяқталуға жақын.
Осы жылы ауданда 21,9 шақырым жол мен бір көпір жөнделді. Атап айтқанда, Белоусовка, 226 резъезд, Опытное поле мен Ушановода 7,3 шақырым аудандық маңызы бар жол қалпына келтірілсе, Глубокое, Белоусовка, Ушаново, Малоубинка, Кожохово, Веселовкада 14,6 шақырым көше жөнделді. Сондай-ақ Жаңа Үлбі ауылындағы көпір орташа жөндеуден өтті.
- Глубокое ауданында өңдеу өнеркәсібінің көлемі 74,7%-ға (69,3 миллиард теңге) жетсе, тау-кен өнеркәсібі 22,5%-ды (20,9 миллиард теңге) құрады. Сондай-ақ 17 резервті кен орны бар. Оған қоса Инвестициялық бағдарламалардың жалпыұлттық пулы аясында ауданда 18,5 миллиард теңгеге 3 жоба қарастырылған, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Ауданда ауыл шаруашылығы да айтарлықтай нәтижеге жеткен. Биыл облыста 194,2 мың тонна сүт өндірілсе, соның 35 мың тоннасы ауданға тиесілі. Жалпы мұнда 22,1 мың жеке қосалқы шаруашылық бар. Ауданның жер көлемі 586,5 мың гектарды құрайды. 2024 жылы астық өнімділігі 25,1 ц/га, ал майлы дақылдардың өнімділігі 18 ц/га болады деп күтілуде. Айта кетейік, жыл басынан бері 3,1 мың гектар жер қайтарылды.
- Белоусовка кенті мен Опытное поле ауылындағы 300 орындық екі мектептің құрылысы жалғасып жатыр. Прапорщиково ауылында 300 оқушыға арналған тағы бір білім ордасын салу жоспарда тұр. Былтыр ауданда 3 білім беру мекемесіне 45 миллион теңге көлемінде жөндеу жасалды. Биыл 89,7 миллион теңгеге 7 нысанды қалпына келтіріп, 3 жаңа жабдықталған кабинет сатып алу қарастырылған, - деді спикер.
Белгілі болғандай, денсаулық сақтау саласы да қалыс қалмады. Нұрымбет Сақтағанұлының сөзінше, ауданда 3 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-амбулаторлық пункт пен медпунктің құрылысы басталды.
- Биыл облыс бойынша 3,2 миллиард теңгеге 134 медициналық құрал-жабдық, соның ішінде Глубокоеда 12 миллион теңгеге бір құрал-жабдық алынбақ. Сондай-ақ өңірдегі 44 дәрігерді Ресей, Германия, Түркия елдеріне оқуға жіберу жоспарда тұр, - деді ол.
Осы тұста Нұрымбет Аманұлының айтуынша, аудандарға жас мамандарды тарту ісі қолға алыну керек. Ресми ақпаратқа сүйенсек, ауданда 6 дәрігер мен 12 мұғалім жетіспейді.
- Бұл мәселеге назар аудару қажет. «Дипломмен ауылға» жобасын да ұмытпаған жөн. Ал «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша үйлердің 20%-ын білім және денсаулық сақтау саласының мамандарына бөлу керек, - деді әкімнің орынбасары.
Айта кетейік, биыл ауданға 5 дәрігер жұмысқа орналасты. Ал соңғы бес жылда аудандағы 89 мұғалім мен 45 ақ халатты жанға баспана берілді.
Сонымен қатар 2024 жылы ауданда 74 отбасы баспаналы болмақ. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын және көпбалалы отбасылар үшін 74 пәтер сатып алу қарастырылған. Оның ішінде «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 24 екі пәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Ауданда 102 спорттық нысан бар. Атап айтқанда, 35 спортзал, 63 жайдақ спорт алаңы, 2 хоккей корты, шаңғы базасы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, БЖСМ. 2025 жылы Глубокое кентінде хоккей кортын жабу үшін металл-көлеңке конструкциясын салу жоспарланған.
Мәдениетте де біршама бастама қолға алынбақ. 2023 жылы 6 нысанның жөндеу жұмыстарына 65 миллион теңге кетті. Биыл 20,7 миллионға 4 ауыл клубы (Прапорщиково, Кожохово, Прогресс, Черемшанка) қалпына келтірілді. Ал келер жылы Белоусова кентінде 150 орынға арналған Мәдениет үйінің құрылысы басталмақ. Оған 919,1 миллион теңге қарастырылып отыр.
- Облыста барлығы 350 ауыл бар, оның 339-ы ауызсумен қамтамасыз етілген. Глубокое ауданында 39 елдімекенге су қолжетімді. Биыл мұнда 2,2 миллиард теңгеге 3 жобаны жүзеге асыру көзделген: Бобровка ауылының су құбыры желілерін қайта құру; Малубинкадағы су құбыры желілерін және су тарту құрылыстарын салу, Степное ауылында сумен жабдықтау жүйесін қайта құру, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сондай-ақ аймақ басшысы орынбасарының айтуынша, қазіргі таңда аудан халқының 97,2%-ы кең жолақты мобильді интернетпен қамтамасыз етіліп отыр. 12 білім беру мекемесінде «Starlink» желісі орнатылған. Ауданның қалған жерлеріне ғаламтор 2027 жылдың соңына дейін қосылады. Айта кетейік, бүгінгі күні облыстағы 202 елдімекеннің 698 мың тұрғыны (96%-ы) интернет мүмкіндіктерін пайдалынып отыр.
Көктем келісімен жұртты алаңға салатын су тасқыны мәселесі де қозғалды. Нұрымбет Аманұлының сөзінше, 2024 жылы осы мақсаттағы 9 іс-шараға 60,2 миллион теңге бөлінген. Ал 2025 жылға арналған 12 жобаға 179,7 миллион теңге қарастырылып отыр: Үлбі өзеніндегі тасқынға қарсы шаралар, Глубочканга өзенінде тазалау, түбін тереңдету және түзету жұмыстары, Жаңа Үлбі ауылында көпір байланысын қалпына келтіру мен Жаңа Үлбі өзенінде су тасқынына қарсы іс-шаралар легін жүргізу.
Кездесу соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының облыс бойынша қорытындысын мәлім етті.
- Өңірде ұйымдастырылған сенбіліктерге барлығы 540 мың адам қатысты. 204 саябақ, 323 тарихи-мәдени ескерткіш пен 859 әлеуметтік нысан тазартылды. Басты міндеттің бірі – экологиялық жағдайды жақсартып, қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Әр азаматтың өз үйін, өз көшесін, жалпы табиғатты қорғап, оған құрметпен қарауы маңызды, - деді Нұрымбет Аманұлы.
Қымбат Оралханқызы
Фотосурет автордікі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер