Глубокое ауданының оқушылары “AMANAT” партиясының “Кедергісіз келешек” жобасы аясында Астана қаласында өткен “Тең мүмкіндіктер” инклюзиялық спорт фестиваліне қатысып, 1 орынға ие болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іріктеу кезеңі елдің 18 өңірінде ұйымдастырылып, 1800-ге жуық баланы қамтыды. Олардың үштен бірі – ерекше қажеттілігі бар оқушылар. Осылайша, жеңімпаздар финалдық кезеңге қатысу үшін елордаға жиналды. Онда қатысушылар жеңіл атлетика, бочча және эстафета бойынша сынға түсті. Іс-шараға Қазақстанның 16 өңірінен 189 бала тіркелді, олардың 63-інің ерекше қажеттіліктері бар.
Сайыста №1 Белоусовка орта мектебінің оқушылары Александр Колтунов Александр, Олег Панов, Егор Максименко да бас сынасты. Мектеп басшылығының айтуынша, білім ордасында барлығы 648 оқушы бар. Оның көбі волейбол, футбол, баскетбол, теннис, жеңіл атлетикамен айналысады. Инклюзиялық спортқа да көңіл бөлінуде. Мектептегі 44 ерекше қажеттілігі бар баланың 27-сі спортпен белсенді шұғылданады.
- Биыл алғаш рет өткізіліп отырған фестиваль жоғары деңгейде өтті. Біздің балаларымыз 14-15 жас аралығындағы санатта жеңіл атлетикадан 1 орынға ие болды. Бастысы, олар зор қызығушылықпен қатысып, 50, 100, 200 метрге жүгіруден жақсы нәтиже көрсетті. Спорттық сайыстан бөлек, Астананың көрікті жерлерін аралауға мүмкіндік туды. “AMANAT” партиясының қолдауы да өз септігін тигізді, - дейді №1 Белоусовка орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Сержан Тұяқбаев.
Ал бүгін жеңімпаздар мен олардың бапкері Өскеменге табан тіреді. Оларды “AMANAT” партиясы ШҚО филиалының өкілдері мен мектеп ұжымы, оқушылар қарсы алып, жеңістерімен құттықтады.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер