Бүгін өңір басшысы Алтай ауданына жұмыс сапарымен барып, су басу қаупі бар аймақтарды аралады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның ішінде Тұрғысын мен Бұқтырма өзендері бар. Қазірдің өзінде мұнда күн сайын бақылау жүргізілуде. Биыл қыста қардың қалың жаууынан бұл аймақ төтенше жағдайлар қызметінің қадағалауында. Сондықтан Алтай, Катонқарағай, Күршім және Глубокое аудандары 1 ақпанда жұмысын бастаған ТЖ штабының тұрақты бақылауында.
Алтай ауданының әкімдігіне су тасқыны қаупі бар кезеңге байланысты бірқатар тапсырма берілді. Атап айтқанда, барлық күштер мен құралдарды дайындап, өзендердің жай-күйі мен қардағы су деңгейін бақылау керек. Оған қоса халықпен жұмыс жүргізу қажет. Облыс әкімі өңірдегі қар көшкіні қаупі бар аймақтардың бірі саналатын Осинов асуын да аралап көрді.
Сапар барысында Ермек Көшербаев Серебрянск қаласындағы девиантты мінез-құлқы бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатында болды. Осы ретте мекеме басшылығымен, аудандық білім бөлімінің өкілдерімен сындарлы диалог өтті.
Облыс әкімі асханадағы тамақтандыру нормаларын тексеріп, оны көбейтуді тапсырды. Ал аудан әкімдігі мен облыстық білім басқармасына бұл мәселені қатаң бақылауға алуды жүктеді. Өз кезегінде оқушылар аймақ басшысымен сұхбаттасып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Көбі білімін жалғастырып, колледжге түскісі келеді. Ермек Көшербаев кәсіптік бағдар беру жұмыстары аясында балаларды техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы оқу үдерісімен таныстыруды тапсырды.
Тәрбиеленушілер хоккей матчтарына қатысу мүмкіндігін сұрады. Сондай-ақ сапар барысында аймақ басшысы әскери бөлімге барып, жеке құраммен сұхбаттасты.
Пікірлер