
Глубокое ауданындағы ТОП-5 туристік жер
Глубокое - Шығыс Қазақстанның солтүстік-шығысында орналасқан аудан. Елді мекен 1964 жылы 31 желтоқсанда құрылды. Ол батысында Шемонаихамен, шығысында Алтай және Риддермен, оңтүстігінде Ұлан және Өскеменмен, ал солтүстігінде Ресей Федерациясымен шектеседі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Глубокое ауданына табиғаттың бар байлығын кездестіруге болады. Мұнда алтын мен күміс, қола мен мыс, қорғасын мен көмір, шабындық пен егіс алқабы, жануарлар мен балықтың түр-түрі бар. Сондай-ақ бұл жер - омарта шаруашылығының отаны. Ауданның таңғажайып табиғаты мен қызмет көрсету саласы туризмді дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл жерде негізінен эко-туризм мен отбасылық демалысқа көп көңіл бөлінеді.
«Алтай Альпісі» тау-шаңғы кешені
Таулы Үлбі ауылында орын тепкен демалыс орны 2006 жылы ашылды. Тау-шаңғы кешенін дамытудың негізгі факторларының бірі - табиғи ландшафтардың тартымдылығы мен облыс орталығына жақын орналасуы. Мұнда 5 аспалы жол мен жалпы ұзындығы 17 шақырымды құрайтын 13 трасса жұмыс істейді. Сондай-ақ сноуборд, стюбпен сырғанауға болады. Демалушылар мен туристерге үйлер мен күркелер ұсынылады. Келушілердің тамақтануы үшін екі дәмхана қызмет көрсетеді. Былтыр «Алтай Альпісіне» 50 мың адам келген.
Бір айта кетерлігі, тау-шаңғы кешені жыл бойы жұмыс істейді. Жазда курорт аумағында орналасқан форель көлінде туристер балық аулай алады. Бұдан бөлек, 12 ай бойы емдік және оңалту қызметі көрсетіледі.
Былтыр тау-шаңғы кешенінің аумағында 24 бөлмелі қонақүй пайдалануға берілді.
«Нұртау» демалыс базасы
«Нұртау» тау-шаңғы кешені 1999 жылдан бері тек шығысқазақстандықтардың емес, шетелдіктердің де сұранысына ие. Кешен Өскеменнен 35 шақырым, Бобровка ауылынан 8 шақырым экологиялық таза жерде орналасқан. Қар түскенде қысқы спорт түрімен айналысуға мүмкіндік қарастырылған. Ілмекті көтергіштері бар шаңғы трассалары мен стюбпен сырғанауға арналған жеке жол жабдықталған. Бүгінгі таңда мұнда екі аспалы жол жұмыс істейді. Ал жазда күркелер мен коттедждерді жалға алып, отбасылық демалыс ұйымдастыруға болады. Жыл бойы мейрамхана жұмыс істейді.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы тау-шаңғы кешені жұмысы тоқтатылған еді. Дегенмен 2024 жылдың желтоқсанында демалыс орны қонақтар мен туристерді қабылдауды қайта бастады. Содан бері кешенге 5 мың адам келді.
«Зимовье» демалыс үйі
Бұл жер 2023 жылы Зимовье ауылында іске қосылды. Ол демалушыларға экотуризм бағытында қызмет көрсетеді. Демалыс үйіне жақын жерде ешкі, тауық және бөдене өсірілетін эко-ферма бар. Меймандарға фермада дайындалған өнімдерден ас мәзірі ұсынылады. 2023 жылдың қыркүйегінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша туристік қызметті дамытуға шағын несие бөлінді. Осылайша, келушілер үшін 2 төсек орынға арналған жылжымалы тұрғын үй сатып алынды. Сондай-ақ мұнда ағаштан жасалған монша жұмыс істейді.
Былтыр табиғат аясында демалғандар саны 700-ге жетті. Глубокое ауданы әкімдігінің ақпаратынша, алдағы уақытта демалыс орнына келген көкөністер мен жеміс-жидек өсіруге арналған жылыжай, ойын алаңы мен бассейн орнату жоспарланып отыр.
«Заречье» саябақ-қонақүйі
Аталған демалыс орны 2019 жылы Быструха ауылынан 6 шақырым жерде салынған. Белсенді демалысты жаны сүйетіндер жазда квадроцикл немесе велосипедке отырып, атқа міне алады. Сонымен қатар рафтинг, эко-маршрут, скандинавиялық серуендеу, бассейнге шомылу, кемпинг, эко және квадро-тур, монша, ойын алаңы және тікұшақ турлары қарастырылған.
Ал қысқы уақытта қарда жүретін көліктермен жүруге, шаңғымен, тюбингпен сырғанауға, мұз айдынында коньки тебуге болады. Балық аулау және аң аулауға мүмкіндік бар.
Былтыр мұнда 6500 адам келіп демалған. «Заречье» аумағында 11 коттедж және қонақүй бар. 2024 жылы 2 VIP коттедж пайдалануға берілді. Биыл көпшілікке арналған мейрамхананың құрылысы жүріп жатыр.
«Зиновьевка» демалыс орталығы
Демалыс орталығы Өскеменнен 85 шақырым, ал Черемшанка ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан. Мұнда туристердің қонуына арналған 15 үй, орыс моншасы мен хайуанаттар бағы бар. «Зиновьевка» көбіне отбасымен демалуға ыңғайлы жер. Сонымен қатар мұнда таза ауада атпен немесе жаяу серуендеуге, квадрацикл тебуге болады. Ал қыс мезгілінде қарлы төбешіктерде сырғанауға, шанамен, шаңғымен сырғанауға мүмкіндік бар. Өткен жылы бұл жерге 7 мың адам демалуға келген.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет ашық дереккөзден
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер