«AMANAT» партиясының Риддер қалалық филиалының қолдауымен қалалық мәдениет сарайында ұлттық дәстүрге сай ерекше мерекелік шара өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тұсаукесу – әрбір сәбидің өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Бұл дәстүр баланың өмір жолының ашық, қадамының нық, болашағының жарқын болуын тілеп жасалатын ерекше жоралғы.
Дәстүрді дәріптеген шара аясында бір күнде 22 баланың тұсауы кесілді. Шараға қатысқан ақсақалдар кеңесінің мүшелері балаларға баталарын беріп ақ жол тіледі.
- Тұсаукесу – қазақ халқының ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан игі дәстүрлерінің бірі. Бұл рәсім әрбір ата-ана үшін үлкен қуаныш пен үмітке толы ерекше сәт. Бүгін тұсауы кесілген сәбилеріміздің қадамы нық, болашағы жарқын болсын! Еліміздің абыройын асқақтататын, халқына қызмет ететін саналы азамат болып өсулеріне тілектеспін, - дейді «AMANAT» партиясының Риддер қалалық филиалының төрағасы Әсем Ағажаева.
Осындай игі шаралар ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеп қана қоймай, жас ұрпаққа рухани тәрбие беруге ықпал етеді. Наурыз мерекесін тойлауға арналған он күндік аясында партияның ұйтқы болуымен өңіріміздің өзгеде аудандарын да түрлі мерекелік шаралар өтетін болады.
Пікірлер