Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Алтай ауданына жұмыс сапарымен барып, Жаңа Бұқтырма кентіндегі жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазіргі таңда Жаңа Бұқтырма ауылында 4207 адам тұрады. Мұнда туризм саласы белсенді дамып келеді және инженерлік инфрақұрылым жақсаруда.
Бүгін осы кентте 200 орындық мемлекеттік тілде білім беретін №2 Жаңа Бұқтырма орта мектебі ашылды.
– Мемлекет басшысы білім деңгейі еліміздің барлық өңірінде бірдей болумен қатар, әр бала заманауи әрі қолайлы жағдайда білім алу мүмкіндігіне ие болуы қажет екенін атап өтті. Бұл жаңа, заманауи мектеп – жас ұрпақты тәрбиелеп, оларға сапалы білім беру үшін жасалған үлкен қадам. Біз бұл білім ордасында саналы, тәрбиелі, әрі білімді азаматтар өсіп шығатынына сенімдіміз. Олар еліміздің болашағын қалыптастырады, – деді мектептің ашылу салтанатында Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімінің айтуынша, оқу жағдайын жақсарту және оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында былтыр өңірде 10 жаңа мектептің құрылысы жүргізілді. Олардың жетеуі пайдалануға берілді, екеуі Тарбағатай ауданында оффтейк-келісімшарт бойынша салынды. Биыл тағы 13 мектептің құрылысын салу жоспарланған.
Бүгінгі таңда Жаңа Бұқтырма ауылында 114 оқушы білім алуда. Ал мектепке дейінгі мекемелерде 129 бала тәрбиеленуде, олардың 33-і биыл бірінші сыныпқа баратын болады.
Салтанатты шара жаңа мектеп аумағына көшет отырғызу жұмыстарымен аяқталды.
Пікірлер