A+ A A-

talgatzhan 37 21-04-2025, 16:00 0

Риддерде «Ардағым – ардагерім» акциясы аясында тыл еңбеккерлерін құттықтады

Бүгін / Риддер

21 сәуір күні кеншілер қаласында «Ардағым – ардагерім» атты патриоттық акциясы басталды. Осының аясында шаһардағы барлық мемлекеттік мекеме өкілдері Ұлы Отан соғысы кезіндегі тыл еңбеккерлерін құттықтап, алғыс білдірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қала әкімдігі өкілдерінің сөзінше, аталған науқан қоғамды біріктіретін, адамдар арасындағы өзара тілеулестік пен сыйластықты нығайтатын маңызды бастама. 
– Шараның басты мақсаты – ардагерлерге көмек көрсету ғана емес, жастарды Отанға қызмет етуге, үлкендерге құрмет көрсетуге және ел тарихын ұмытпауға тәрбиелеу. Бұл науқан өскелең ұрпақтың аға буынға деген сүйіспеншілігін арттыруға және тарихи жадыны сақтауға ықпал етеді, – делінген ақпаратта.
Жылы лебіздер, гүлдер, естелік сыйлықтар мен көңіл бөлу – барлығы Жеңісті тылда жақындатқан жандарға деген құрметтің белгісі болды. Қала аумағын қара суық пен нөсер жауын қаумаласа да, ардагерлер қуанышын көргенде төңірек жылып шыға келгендей. Жоғарыда акциядан ешбір мекеме сырт қалған жоқ деп едік, оқушылар да үлестерін қосты. Бірі тақпақ айтса, бірі жүрекке жігер құятын жалынды жырларын оқып берді. Мәдениет сарайы, жастар ресурстық орталығы, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігі және басқа да мекемелер өңін қуқыл тартса да, жүріп өткен жолында жемісті еңбектенген қарттарды бір серпілтіп қайтты. 
Бұл жылда өтетін шара. Бірақ нақты мына күні үйлерді аралап қайтады деп ешбір жерде бекітілмеген. Биыл сәуірдің үшінші онкүндігінде бөгеуін ағытты. Содан болар, мүлгіген тыныштықты әп-сәтте көңілді басқосуға айналдырған меймандар келгенде кей қарияның көңілі босап, көздерінен жас ыршыды. Қалалық жастар ресурстық орталығы өкілдерінің сөзінше, биыл беріліп жатқандар – 16-18 мың теңгенің себеті. Себеттің ішінде не бар деген сұраққа да жауап алдық. 
 – Акция шеңберінде ардагерлерге қарақұмық, күріш, ұн, макарон, рафинадталған қант, балық консервісі, бір литр күнбағыс майы, шай, қораптағы кәмпиттер, печенье берілді. Одан бөлек, үш банан, бес алма, үш алмұрт және бес мандарин салынды, – деді шараның басы-қасында жүргендер.
 Ресми ақпаратқа сүйенсек, Риддерде 268 ардагер бар, оның 45-і – тылда тер төккендер. Жастар ресурстық орталығы өкілдері бірқатар ардагердің үй шаруасына да көмектесті. Олар болса ақ батасын беріп, ыстық лебіздерін жеткізді. Бұл күні қаладағы ең қарт тыл ардагері Тамара Бедареваны да құттықтап, аз-кем сый-сыяпатын көрсетті. Сенесіздер ме, 97 жастағы кейуана күні бүгінге дейін көз майын тауысып кітаптар оқиды.
–  Ардагерлеріміздің батасы мен ақ тілегі – бұл жай ғана сөз емес. Онда рухтың күші, келешек ұрпақтың бейбітшілігі мен бірлігінің кепілі жатыр. Мұндай бастамалар халық ерлігін еске салумен қатар, өткен мен бүгінді, болашақты жалғайтын рухани көпірге айналады, – деді акция ұйымдастырушылары.
Шара мамыр айының 5-не дейін жалғасады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосурет облыс әкімдігінен)

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив