Соловьёв ауылдық округінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында шұжық өнімдері, еттен жасалған жартылай фабрикаттар және консервілер шығаратын цех іске қосылуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жобаны Сергей Бушнев басқаратын «Алтай Эко» өндірістік кооперативі жүзеге асыруда. Кооператив 60 ай мерзімге 28,5 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыру алып, оны заманауи жабдықтар сатып алуға жұмсады.
Жабдықтар 10 наурызда жеткізіліп, ай соңына дейін орнатылды. Цехтың жылдық өндірістік қуаттылығы 360 тоннаға дейін шұжық өнімдері мен ет жартылай фабрикаттарын, 864 мың банкеге дейін ет консервілерін шығаруға мүмкіндік береді.
Өнімдерді сату қолданыстағы сауда нүктелері арқылы жүзеге асырылады. Бұл өнімдерді тез өткізуге және жергілікті халықты сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге жол ашады.
- Бұл біз үшін жай ғана өндірісті кеңейту емес. Бұл - тұрақтылыққа, сапаға және орнықты дамуға жасалған маңызды қадам. Біз нарыққа туған жерімізде, жергілікті шикізаттан дайындалған экологиялық таза өнім ұсынғымыз келеді, – деді кооператив басшысы Сергей Бушнев.
Жоба округ экономикасы үшін үлкен маңызға ие: жаңа жұмыс орындары ашылады, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу деңгейі артады, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі нығаяды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдағы бастамаларды қолдап, өсу мен жаңғыруға нақты мүмкіндіктер ұсынып келеді. «Алтай Эко» өндірістік кооперативі – ауыл кәсіпорнының табысты дамып, жергілікті экономиканы нығайта алатынының жарқын үлгісі.
Пікірлер