A+ A A-

talgatzhan 31 27-05-2025, 10:15 0

Риддер қаласында жаңа білім ордасы бой көтерді

Бүгін / Риддер

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында қазіргі заман талаптарына сай жаңа білім беру нысандары бой көтеруде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов 600 орындық №12 жалпы білім беретін мектепте тиімді оқу процесі үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

- Ұлттық жоба – бұл жай ғана жаңа ғимараттар емес, бұл – балалардың сапалы білім алып, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуына арналған білім беру кеңістігін қалыптастыру, – деді аймақ басшысы. 

Жаңа білім ордасы апатты жағдайда тұрған бұрынғы №12 (1935 жылы салынған) және №9 (1938 жылы салынған) мектептердің орнына салынды. Қазіргі уақытта онда 530 оқушы білім алуда. Жаңа мектептің жалпы ауданы стандартты нормадан 20% артық, бұл оқу кабинеттері мен қосымша бағыттағы сыныптарды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған бөлек блоктарда оқу кабинеттері, санитарлық тораптар және спорт залдары қарастырылған.

Жалпы мектепте 26 оқу кабинеті бар. Олардың қатарында робототехника, инклюзия, визуалды жобалау және графика кабинеттері, шеберханалар, STEM зертханасы, ойын бөлмесі бар. Сонымен қатар ресурстық орталық, акт залы, электронды кітапхана, медпункт, хореография залы, екі спорт залы мен асхана жұмыс істейді.

Мектеп кеңістігі жас ерекшеліктеріне қарай бейімделген. Бастауыш, орта және жоғары сыныптарға арналған жеке коворкинг аймақтары бар. Бұл оқушылар мен педагогтер үшін жайлы орта қалыптастырады.

Инклюзивті білім беру үшін инклюзия кабинеттері, сенсорлық бөлмелер, логопед, психолог және әлеуметтік педагог қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі балаларға барлық жағдай жасалған. Мысалы, ДЦП диагнозы бар оқушы мектеп ішін еркін аралай алады. Ол үшін лифт орнатылған. 

Оқушылардың денсаулығын сақтау мақсатында ауызсу фонтандары мен өзгермелі парталар қойылған. Әр қабатта оқушыларға арналған демалыс аймақтары бар. Қауіпсіздік мақсатында бейнебақылау және дабыл түймелері орнатылған.

Мектеп аумағында әмбебап спорт алаңдары, жас ерекшелігіне қарай бөлінген ойын аймақтары, жарыс өткізуге арналған стадион мен футбол алаңы бар.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив