Құтқарушылар 1954 жылы туған зейнеткерді орман массивінің ашықтау жеріне шыққан кезде байқап қалған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шығыс Қазақстанда осы уақытқа шейін орманда жүріп адасқандар аз емес. Белгілі бір өлкені алсақ, ол жақта орман-тоғайдың қалың болуы құба-құп. Қу тақырдан жануары жортып, құстары ұдайы ән салып тұратын алқап әлдеқайда тартымды. Онда түрлі жидек, тағамға қосуға қажет саңырауқұлақ атаулы молынан бар. Бірақ соның қызығына батып, болмаса әсемдігіне таң-тамаша болған кей тұрғын кіруін кіріп, бірақ шыға алмай қалып жатады. Бірде бала жоғалды, бірде бойында сырқаты бар ересек адам бірнеше күн хабарсыз кеткен. Табылғаны көп, қуанышқа қарай.
Республика көлемін алып қарасақ, осындай оқиғаның көбі Шығыс Қазақстанда болды. Оның ішінде, Риддер шаһары маңындағы орман жаңалықтар тізбегіне жиі шығып жүрді. Мәселен, 2015-ші жылы 28 жастағы жігіт тамыздың 3-і күні үйінен шығып, сол күйі хабарсыз кеткен-тін. Содан арада төрт күн өткенде «Голушенок» таулы ауданынан бір-ақ табылды. Бірнеше күн су ішпей, нәр татпаған ол әбден әлсіреген. Табылған бойда бірден ауруханаға жеткізілді.
2023-ші жылы қыркүйектің ортасында ер адам Риддер төңірегіндегі орманда жоғалды. Бірақ әуелде жанында адамдар болды. Сол уақытта жергілікті төтенше жағдайлар бөлімі өкілдерінің ақпаратынша, шұғыл түрде қоңырау түскен. Дереу іздеу тобы құрылып, межелі жерге аттанды. Жылдам табуға түрткі болған тұсы сол, ер адаммен бірге ере шыққандар жөн сілтеп жіберген. Әрі қарай құтқарушылар маңайды түгел тінтіп, оның атын дауыстап шақырып, ақыры жолдан төрт шақырым жерден тапты. Ол өздігінен жүре алмады. Сол үшін де құтқарушылар көлікке дейін көтеріп апарды. Сөйтсе, батпаққа түсіп кеткен екен. Одан шығамын дегенде аяқ киімін жоғалтып, таңға дейін әбден тоңған. Тексеріс жүргізілген соң денсаулығына айтарлықтай қауіп төнбегендігі анықталды. Оқиға Риддерден 23 шақырым жерде болған.
Ал осы жолы мамырдың 1-і күні 71 әже адасып қалды. Ол шөп жинамақ болып, үйіне сол күйі оралмады. Онымен тәулік көлемінде байланыс орнату мүмкін болмады. Таулы, орманды жер болған соң жаяу іздеу қиынға соқты. Соған байланысты «ҚазӘуеҚұтқару» тікұшағы жұмылдырылып, әуе арқылы қарай бастады.
Әйтеуір орман массивінің ашық жерінде көзге түсіп, 2-ші маусымда табылған бойда құтқарушылар оны жедел жәрдем бригадасына тапсырды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет ашық дереккөзден
Пікірлер