Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Риддер қаласы әкімінің орынбасары Болат Акужанов қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысымен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның айтуынша, биыл кеншілер шаһарында бірнеше бағыт бойынша оң нәтиже байқалады. Қаңтар-мамыр айларындағы өнеркәсіп өнімдерінің тауарлық шығарылымы 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5%-ға артып, 75,9 миллиард теңгені құрады.
– Өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлемі 12,7% өсумен 69,8 млрд теңгені құрайды. Жоспардың сәл төмендеуі әлемдік металл нарығындағы мырыш бағасының арзандауымен байланысты, – деді Болат Акужанов.
Ал ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 21,3%-ға артып, 742,9 миллион теңгеге жетті. Бұл қаланың азық-түлік қауіпсіздігі мен ауылдардың дамуына оң әсер етіп отыр. Бұдан бөлек, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,6%-ға төмендеп, 3278 бірлікті құрады.
– Көрсеткіштің төмендеуінің басты себебі – халықты жалпыға бірдей декларациялау, қала құраушы кәсіпорынның тапсырыстарының қысқаруы. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 30,5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде жеке инвестициялар 20,5 млн теңгені, яғни жалпы көлемнің 67,3%-ын құрайды, – дейді әкімнің орынбасары.
Белгілі болғандай, Риддерде 659 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.
– Жұмыспен қамту орталығына 904 адам өтініш беріп, 435-і жұмысқа орналасты. Қалада 487 жаңа жұмыс орны құрылды (279 – тұрақты, 208 – уақытша). Сондай-ақ 19 әлеуметтік жұмыс орны ұйымдастырылған. Қоғамдық жұмыстарға 146 жұмыссыз тартылды. Жастар практикасына 8 адам жіберілді, – деді Болат Амангелдіұлы.
Брифинг барысында білім саласы да сөз болды. Қаладағы мектепке дейінгі мекемелерде 500 орындық профицит бар. Сондықтан бос орындарды толтыру жұмыстары жүргізілуде.
– 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 100% құрады. Ал 2 жастан 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің қамтылуы – 98,7% (2133 бала). Жалпы 466 бала кезекте тұр. Оның 124-і 0-ден 1 жасқа дейінгі, 342-сі 1-ден 3 жасқа дейінгі балалар, – деді Болат Акужанов.
Айта кетейік, «Шаңырақ» мектебінің құрылысы 2026 жылы 17 шілдеде аяқталады деп күтілуде. Күні кеше қала әкімі Думан Рахметқалиев нысанға барып, техникалық қауіпсіздікті тексерді. Мектепте қазақ тілінде білім береді.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер