Қаланың бұрынғы әкімі Дәулет Батырбаев бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотты болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс Өскемен қалалық №2 сотында қаралды. Белгілі болғандай, Дәулет Батырбаев «Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік өңірлік орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы лауазымын атқарған кезде осы акционерлік қоғамның жұмыс тобының жетекшісі Х.-ның көмегімен техникалық сипаттамаларға сай келмейтін көше шамдарын қабылдап алған. Осылайша, олар мемлекетке 2 266 707 000 теңге көлемінде залал келтірген.
Сондай-ақ 2023 жылғы 6 сәуір мен 25 шілде аралығында Дәулет Батырбаев, Х. және жұмыс тобының тағы бір қызметкері П.-мен жалған аралық актілерге қол қойып, 122 883 000 теңге жымқырды.
- Бұдан бөлек, 2022 жылғы 2 қыркүйек пен 12 желтоқсан аралығында олар мердігермен заңсыз қосымша келісім жасасып, жұмыстар мен тауарлардың құнын негізсіз көтеріп, 206 003 200 теңгені артық төлеген. Айыпталушылар өз кінәларын мойындамағанымен, сот олардың кінәсі дәлелденді деген шешімге келді.
Сот үкіміне сәйкес Дәулет Батырбаев пен Х. 8 жылға, П. есімді айыпталушы 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Фотосурет редакция мұрағатынан
Пікірлер