A+ A A-

talgatzhan 30 Кеше, 13:00 0

Жалғыз жағажай жабылуы мүмкін деген рас болса, Риддер тұрғындары қайда барып шомылады?

Бүгін / ШҚО / Риддер

Жуықта ғана облыс аумағында суға түсуге рұқсат берілген 25 орын бар деп жаздық. Азсынған жоқ едік, қайта кей ауданда бірнеше жердің болуы сол аумақтың туристік әлеуетін арттыруға әжептәуір сеп екені атап өтілді. Өкінішке қарай, бұлардың саны азаюы мүмкін. Риддер аумағындағы жағдай көп адамның көңіл-күйін түсіріп жіберері сөзсіз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Суы салқын, ағысы қатты

Қала тұрғындары шомылатын жалғыз өзен жуықта ресми түрде қауіпті деп танылып, енді жабылуы мүмкін. Самар, Алтай аудандарында ондай бірнеше жер бар. Шемонаихада мүлде жоқ. Ал риддерліктер жаздың ми қайнатар ыстығында бала-шағаларын жетектеп, Журавлиха өзеніндегі жағажайға жиналады. Алайда жергілікті билік енді бұл жерді жабу жоспарланғанын мәлімдеді. Оның орнына мұнда ашық бассейндер салу ұсынылып отыр.

Журавлиха Риддер арқылы ағып өтетін 13 тау өзенінің бірі. Суы салқын әрі ағысы қатты болғанымен, дәл осы жерде халық шомылып, ыстықтан сая табады. Алайда бұл жағажай ресми тіркелмеген, инфрақұрылымы да жоқ.

– Жыл сайын кәсіпкерлерге жағажайды өз қарауына алып, құм төгіп, күтіп-ұстауын сұраймыз. Бірақ шомылу маусымы қысқа, көктемде өзен тасып, барлық еңбекті шайып кететіндіктен ешкім ниет білдірмей келеді. Демалушылар да көп емес, салынған қаржы ақталмайды, – дейді Риддер қаласы әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеухан.

Оның айтуынша, жалғыз тиімді жол – жағалауда жасанды бассейндер салу. Жобада ересектерге арналған бір үлкен және балаларға арналған бір шағын бассейн қарастырылған. Сонымен қатар жататын ағаштар, киім ауыстыратын жерлер мен санитарлық тораптар салу да жоспарланған. Алайда бұл әзірге тек жоспар ғана. Жобаға бюджеттен қаржы бөлінбеген.

– Иә, басқа жерлерде өзен жағасында бассейн салғандарды көргенбіз. Әрине, суды тазалау, ағынды суды тарту сынды санитарлық талаптар орындалуы тиіс. Бұл жобаны іске асыру үшін қаражат керек, – деді Қаныбек Төлеухан.

«Басқа баратын жер жоқ»

Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымына дайындық тұрғысынан алғанда жалпы жағдай көңіл көншітерлік емес. Ресми дерек бойынша, өңірдегі 25 жағажайдың тек 8-і ғана маусымға дайын. Қалғандарында құтқару бекеттері жоқ, су түбі тексерілмеген. Риддердегі жағажай да сондай. Соған қарамастан қалалық Төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, Журавлиха өзенінің түбі маусым басталар алдында тексерілген.

– Қала әкімдігінің өтініші бойынша біздің сүңгуірлер өзен түбін қарап шығып, қауіпті заттарды алып тастады. Қаладағы барлық өзен ішінде Журавлиха – ең жылысы, – дейді Риддер қалалық ТЖБ бастығы Евгений Тарасов.

Айта кетейік, жуырда Мемлекет басшысы Алакөл жағажайының жағдайына қатысты сын айтқан соң, республика көлемінде өзен-көлдерге тексеріс басталды. Риддерге де Президент әкімшілігінен мемлекеттік инспектор келіп, Журавлиха өзенін аралап көріп, бұл жерде шомылу қауіпсіз емес деген қорытынды жасаған.

Қазіргі уақытта риддерліктер басқа жер болмаған соң, сол қауіпті жағалауға келуге мәжбүр.

– Бізде басқа баратын жер жоқ. Мұнда ғана су бар. Балалар да суға түскісі келеді. Қауіпті екенін білеміз, сондықтан балаларды көзден таса қылмаймыз. Шығыс Қазақстандағы екінші ірі қалада бірде-бір ресми шомылуға болатын жағажайдың болмауы – ұят жағдай, – дейді жергілікті тұрғындар.

Риддерде бассейндердің салыну-салынбауы келесі жылдың бюджеттік жоспарына байланысты болмақ.

 

Асқар ТҰМАРБЕК

Фотосурет ашық дереккөзден

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив