Қазақтың ұлы ақыны, философы және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Алтай қаласында жаңа мурал ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жаңа мурал қала келбетін көркейтіп қана қоймай, Абай тұлғасына деген терең құрметтің көрінісіне айналды.
Салтанатты ашылу рәсіміне өңірде тұратын түрлі этностардың өкілдері қатысты. Бұл – Абай мұрасының біріктіруші күш екенін және оның көпұлтты Қазақстан халқы үшін маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Аудан әкімі Ренат Құрмамбаев муралдың тек қасбеттің көркем безендірілуі емес, сонымен қатар қалалық бірегейліктің маңызды бөлігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұлы ойшылдың бейнесі қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды нысанаға айналып, жастарды Абай мұрасын тереңірек танып-білуге және рухани құндылықтарды бағалауға ынталандырады.
Муралды жасау жұмыстарын "СТРОЙОСНОВА ПЛЮС" ЖШС атқарды. Суретшілер мен құрылысшылардың кәсібилігінің арқасында үй қабырғасында қаланың келбетіне үйлесімді, жарқын әрі мәнерлі туынды пайда болды.
Пікірлер