Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жылу беру маусымына дайындық бойынша министрліктерге бірқатар тапсырма жүктеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
- Энергетикалық кәсіпорындарға әзірлік паспорттарын беру жұмыстары басталып кетті. Осы ретте, энергия кәсіпорындарының жылу беру маусымына әзірлігін бағалау комиссиясының жұмысына әкімдер тікелей өздері қатысуы тиіс. Нысандар қыс мерзіміне әзірлік паспорттарынсыз жұмысты бастамауы керек. Риддер, Кентау, Екібастұз және Ақтау қалаларының энергия көздерін ерекше бақылауға алу қажет. Әзірлік паспорты болмай, жылыту маусымы басталатын болса, кінәлілер жауапқа тартылады, - деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар ол жылу беру маусымын өткізу жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын қайта жаңғыртуды тапсырды. Энергия көздері мен желілердің жұмысын үнемі тексеріп отыру қажет.
- Жылыту маусымын ауа-райына қарай қатаң белгіленген мерзімде бастап кету керек. Осыған байланысты мынадай тапсырмалар беремін. Біріншіден, Энергетика министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірге жылу көздері мен жылу желілерінде жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын қамтамасыз етсін. Биылғы 1 қыркүйекке дейін өңірлерге берілетін әлеуметтік мазутты жеткізу кестесі бекітілсін. Екіншіден, Энергетика министрлігі Қазақстан теміржолы компаниясымен және өңірлердің әкімдіктерімен бірге энергия объектілеріне көмір мен мазутты бекітілген кесте мен көлемдерге сәйкес уақтылы жеткізу жөнінде шаралар қабылдасын. Сондай-ақ халықтың көмірмен қамтамасыз етілуіне бақылау белгіленсін, - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, өңірлердің әкімдіктеріне 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің толық әзірлігін қамтамасыз етуді тапсырды.
- Аталған министрлік 15 қазанға дейін денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй қоры объектілерінің әзірлігін қамтамасыз етсін. Оқу-ағарту, Ғылым және Денсаулық сақтау министрліктері де бұл мәселені бақылауда ұстауы қажет, - деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, қазір жылу беру маусымына білім беру нысандарының дайындығы 92 пайызды құрап отыр.
Пікірлер