Бүгін Риддерде 600 орынға арналған жаңа №12 мектептің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл оқу орны «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып, қаланың ең маңызды әлеуметтік нысандарының біріне айналды.
Салтанатты жиынға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
— Мұндай мектептердің салынуы — болашаққа салынған инвестиция. Біз үшін балалардың жайлы әрі қауіпсіз жағдайда білім алуы, ал мұғалімдердің сапалы жұмыс істеуіне барлық мүмкіндіктердің болуы өте маңызды. Бұл — қаланың және өңірдің дамуына негіз, — деді аймақ басшысы.
«AN Groups» компаниясы салған жаңа мектеп қазіргі заманғы білім беру стандарттарына толық сәйкес келеді. Мұнда кең әрі жарық сыныптар, арнайы пәндік кабинеттер, акт және спорт залдары жабдықталған, цифрлық оқытуға қажетті барлық техника орнатылған.
— Бізде мұндай көлемде жабдық бұрын-соңды болмаған, бұл — шын мәнінде «болашақтың мектебі», — дейді білім ошағының шаруашылық меңгерушісі.
Ата-аналар мен мұғалімдер бұл оқиғаны ұзақ күттік дейді. Енді жүздеген бала жайлы жағдайда білім алып, мектеп тек оқу орны ғана емес, мәдени өмірдің де орталығына айналмақ.
Айта кетейік, биыл бұл мектепте алғаш рет 30-дан астам бала бірінші сыныпқа барды.
Риддерде жаңа білім беру мекемесінің ашылуы — білім сапасын арттыру мен өсіп келе жатқан ұрпаққа тең мүмкіндік жасау жолындағы маңызды қадам.
Пікірлер