Түркиядан экстрадицияланған бұрынғы шенеунік заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікпен тергеу изоляторына қамалды. Ол 7 жыл бойы халықаралық іздеуде болған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
ҚР Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Қазақстан азаматын трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны, ойын бизнесін заңсыз ұйымдастырғаны және билігін асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Түркия Республикасынан экстрадициялады.
Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті 2015-2016 жылдары Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік органдарының бірінде басшылық қызметті атқара отырып, ойын бизнесі саласындағы заңсыз әрекеттерге қамқорлық жасағаны үшін жүйелі түрде ақшалай сыйақы алған.
Қылмыс жасағаннан кейін ол жасырынып, 7 жыл бойы халықаралық іздеуде болған.
- 2024 жылдың қаңтарында іздеудегі азамат Түркия Республикасының Измир қаласында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін елге экстрадицияланды, - делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды.
- Қылмыстық топтың басқа мүшелері бұған дейін түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылғанын атап өтеміз. Айыпталған іс-әрекеттері үшін қылмыстық заңнама бойынша мүлкі тәркіленіп, 12 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған, - делінген ақпаратта.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы шетелде жасырынып жүрген адамдарды, оның ішінде сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыстар жасағаны үшін анықтау, іздестіру және жауаптылыққа тарту жөніндегі жұмысты жалғастыруда.
Пікірлер