Жуықта өткен арнайы жиында санитарлық тазалық мәселесі талқыланып, көше-көшені қоқыстан арылту жоспары әзірленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бас-қосу барысында қала әкімі Думан Рахметқалиев құқық қорғау органдары мен әкімшілік бөлімдерінің жетекшілерімен бірге тұрмыстық қалдықтарды шығару, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және тәртіпті күшейту бағыттарын қарастырды.
Жиында басты назар қала көшелерінің тазалығына аударылды. Әкімдік пен құқық қорғау органдарының өкілдері қызметке тартылмаған, қадағалауға алынған азаматтарды қоғамдық жұмысқа жұмылдырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, арнайы учаскелерді бөліп, көше-көшені қоқыстан арылту жоспары әзірленді. Қала тұрғындарының тұрмыс жайлылығы мен күнделікті өмір сапасы ең алдымен таза ортаға байланысты. Сондықтан әрбір риддерліктің санасында «тазалық – тәртіптің айнасы» деген ұғым орнығуы тиіс.
– Бүгін міне, біздегі құқық қорғау органдары осындай ұсыныспен шықты. Қоғамдық жұмысқа өкім шыққан азаматтар қалада осы тазалыққа байланысты жұмыстар істесін деген. Толығымен оны біз қолдаймыз. Бүгін міне депутаттармен бірге, халықпен бірге кездесіп, халықтың пікірлерін біліп, көзқарастары қалай екен, олардың тыңдап, осындай бір шешімге келдік. Енді сол кісілеріміз қаламызда тазалыққа байланысты ждұмыстарды істейтін болады, – деді Думан Есдәулетұлы.
Жиында мобильді топтар құру мәселесі де қозғалды. Оған «Эталон» ЖШС қызметкерлері, учаскелік инспекторлар және қоғам белсенділері тартылды. Олар үйлерді аралап, тұрмыстық қалдықтар үшін төлем жасамайтын тұрғындарды анықтайды.
– Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі тек тазартуға тиіс орындарды анықтап қана қоймай, жұмысқа тартылған азаматтардың шынында да еңбек етіп жатқанын бақылайды. Бұл – тәртіпті күшейтуге бағытталған тәсіл, – деді Риддер қаласының прокуроры Арман Қыдырғалиев.
Қаланың әрбір ауласы мен көшесінің таза болуы – Риддер тұрғындарының мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі. Жергілікті билік пен қоғам өкілдері күш біріктіргенде ғана нәтижеге қол жеткізуге болады.
Пікірлер