ШҚО Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мессенджер қолданушыларының аккаунттарын бұзды деген күдікпен 18 жастағы азаматты ұстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, күдікті әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлерді бақылап отырған. Эфир барысында кейбір қатысушылар өздерінің ұялы телефон нөмірлерін немесе телефон экрандарын көрсеткен. Сол сәтте экранға түскен мессенджерге кіруді растау SMS-кодтарын пайдаланып, жәбірленушілердің парақшаларына қол жеткізген.
Бөтен аккаунттарға кірген соң аккаунт иелерінің таныстарына қарызға ақша беру жөнінде жалған хабарламалар таратқан. Ал түскен қаражатты өз шоттарына аударған.
Алаяқтық әрекеттердің салдарынан облыстың бес тұрғыны зардап шекті. Қазір «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сондай-ақ полиция қызметкерлері күдіктінің осыған ұқсас басқа да құқықбұзушылықтарға қатыстылығын тексеруде.
Пікірлер