Шығыс Қазақстан облыстық Драма және оперетта театрында алғаш рет «Үміт нұры» атты театрландырылған концерттік бағдарлама көрсетілді, деп хабарлайды газет тілшіс, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шара ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мен ШҚО Мәдениет басқармасының қолдауымен, «Риддер қаласының арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ ұйымдастыруымен өтті. Қойылымға психоневрологиялық аурулары бар, 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты.
Риддер арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Ерік Аусанұлының айтуынша, қойылымға екі ай дайындық жүргізілген.
– Біздің орталықта 720 адам 1,2 топтағы мүгедектер есебінде тұр. 440-тан астам адам түрлі салада жұмыс істейді. Қойылымның басты мақсаты – халық арасындағы жалған түсініктердің орнын басып, ерекше жандардың өнерін паш ету. Бұл – біз үшін алтын әріппен жазылатын тарихи сәт. 50 жылдық тарихы бар орталықта алғаш рет облыстық деңгейде осындай ауқымды шара өткіздік. Биыл 7 мамырда Риддер қаласында ардагерлерге арнап қойылым қойған едік, енді Өскемен сахнасында өнер көрсетудеміз, – деді ол.
Іс-шара аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан бұйымдар көрмесі ұйымдастырылды. Көрмедегі заттар сатылымға шығарылып, түскен қаражат олардың қажеттіліктеріне жұмсалады.
– Қазір еңбекке баулу бағыты бойынша 4 маман жұмыс істейді. Мекемеде жұмыс екі тілде қатар жүргізіледі. Спорт саласында да жетістігіміз бар. Біздің қызымыз Ақерке үстел теннисінен республикалық чемпионатта 1-орын иеленіп, мастер спорта атанды. Алдағы уақытта оны шетелге апару жоспарда бар, – деді орталық басшысы.
Көрермендер ерекше жандардың өнерін тамашалап қана қоймай, олардың шығармашылыққа деген құштарлығын сезіне алды. Іс-шара мәдени құндылықтарды дәріптеуді, өнерге деген қызығушылықты арттыруды және көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлауды мақсат етті.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Пікірлер