
Алтай ауданына қарасты Полянское ауылында «Мойылды-Байқоңыр» ЖШС заманауи сүт-тауар фермасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған жоба – заманауи технологияларды енгізу мен өз ісіне берілген мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Жобаның жалпы құны 10 млрд 151 млн теңгені құрайды. Фермада 1075 бас ірі қара мал бар. Осылайша, соңғы үлгідегі технологиялар арқылы сүт өндірісі қолға алынды.
Ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл жобаның өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы маңызына тоқталды.
— Құрметті жерлестер! Бүгін облысымызда агроөнеркәсіп кешенін дамыту аясында үлкен жұмыс басталып отыр. Алтай ауданындағы Полянское ауылында «Мойылды-Байқоңыр» ЖШС-нің сүт-тауар фермасы ашылды. Бұл фермада 1075 бас ірі қара мал өсіріледі. Заманауи технологияларды қолдану арқылы өңірдегі сүт саласын дамытуда үлкен қадам жасалып отыр. Жобаның құны 10 млрд теңгеден асады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын қолдау аясында тағы 5 сүт фермасын кеңейтуге 6,2 млрд теңге бөлінді. 6 сүт-тауар фермасы келесі жылдан бастап жұмысын бастайды. Бүгінде аймақта 11 сүт өңдеу зауыты жұмыс істейді. Олардың жүктемесі 50 пайыздан 80 пайызға дейін артады. Бұл – сала үшін үлкен қолдау. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 50 бастан артық ірі қара ұстайтын сүт-тауар фермаларын ашу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл өңірдің дамуына оң әсерін тигізеді, – деді аймақ басшысы.
Іа-шара барысында сөз алған ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
— ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есе арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы министрлігі инвестиция тарту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. 2023 жылдан бастап Солтүстік Қазақстанда жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды. Соңғы үш жылда елімізде 108 заманауи сүт-тауар фермасы салынды. Оның 65-і іске қосылып, жылына 360 мың тонна тауарлы сүт өндірілуде. Бұл ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Шығыс Қазақстан облысы бұл бағытта алдыңғы қатарда. Соңғы екі жылда өңірде 6 сүт-тауар фермасы іске қосылды. Полянское ауылындағы ферма – соның нақты дәлелі, – деді вице-министр.
Салтанатты ашылуда қонақтарға сүт-тауар фермасының ішкі өндірістік үдерісі таныстырылды. Заманауи жабдықтар мен автоматтандырылған жүйелер көрсетілді. Сонымен қатар ауыл тұрғындарымен кездесу өтіп, ауыл шаруашылығына қатысты сұрақтар талқыланды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаевтың сөзінше, ферма жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
— Бүгінгі ашылу салтанатымен баршаңызды құттықтаймын! Бұл сүт-тауар фермасын шілде айында арнайы келіп көрген едім. Ол кезде құрылыс енді басталған болатын. Бүгінде толық іске қосылып отыр. Бұл – қажырлы еңбектің жемісі. Фермада 100-ден астам адам жұмыспен қамтылады. «Маңдайына тер төгілсе, еңбегіне нұр жауады» деген сөз дәл осы жерде айтылғандай. Мемлекеттің болашағы – ауылда. Биылдың өзінде ауыл шаруашылығын дамытуға 1 трлн теңге, ал техниканы жаңартуға 250 млрд теңге бөлінді. Ауылдарды сақтап, жастарды ауылға тарту – басты міндет, – деді депутат.
Осылашйа, жаңа өндірістік нысан өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға және сүт өнімдері өндірісін ұлғайтуға ықпал етпек.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер