Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жаңа нысанды барып көрді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жаңа медициналық кешен құрамына 200 төсек-орынға арналған стационар мен бір ауысымда 500 адамды қабылдай алатын емхана кіреді. Жобаның жалпы құны – 34,8 млрд теңге. Нысан ресми түрде пайдалануға қабылданды.
– Бұған дейін аурухананың негізгі корпустары, оның ішінде педиатриялық бөлімше, 80 жылдан астам уақыт бұрын салынған болатын. Қазір жаңартылған кешен заманауи талаптарға толық сай келетін көпсалалы медициналық мекеме ретінде жұмыс істемек. Мұнда тек Риддер тұрғындары ғана емес, жақын маңдағы елдімекендер халқы да сапалы медициналық көмек ала алады, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Аурухана кешенінің құрылысы «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңы аясында мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен жүзеге асырылды.
– Мемлекетке 150 млрд теңге көлемінде заңсыз иемделген активтер қайтарылды. Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес бұл қаражат есебінен 655 әлеуметтік нысан салынуы тиіс. Бүгінде соның 650-і толық аяқталды, қалған бесеуі алдағы 2-3 күнде пайдалануға беріледі, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Жалпы ауданы 40 мың шаршы метрден асатын үш қабатты ғимарат заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Кешен құрылымында тәулік бойы жұмыс істейтін стационар, күндізгі бөлім, паллиативтік көмек, консультативтік-диагностикалық қызметтер және алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету бөлімдері бар.
– Бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн. Денсаулық сақтау министрлігінің 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес Риддерде көпсалалы аурухана құрылысы аяқталды. Бұл қала тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Медицина қызметкерлері атынан алғысымызды білдіреміз, – деді мекеменің бас дәрігері Марат Блейменов.
Қазір нысанға қатысты қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары аяқталуға жақын. Барлық рәсім толық аяқталғаннан кейін көпсалалы аурухана кешені қала тұрғындарын қабылдай бастайды.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер