Соңғы үш жылда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Үкіметтік резервтен және жергілікті бюджеттен 21 млрд теңге бөлініп, Риддер қаласындағы жылу орталығы кешенді түрде қайта жаңғыртудан өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қазандықтардың тозу деңгейі 82 пайыздан 43 пайызға дейін төмендеді. Ал жылу желілерінің тозуы 89 пайыздан 59 пайызға дейін қысқарды.
Биыл жылу инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасады. Атап айтқанда, 5-6 жаңа қазандық құрылысы жоспарланып отыр. Сонымен қатар 3 шақырым жылу желісі салынып, 17 жылу кабелі жаңасына ауыстырылады.
– Осы атқарылып жатқан шаралар нәтижесінде алдағы жылдары «жасыл дәлізге» енеміз деген жоспарымыз бар. Олай етуге мүмкіндік бар. Өйткені Риддер қаласының облысымыздағы орны ерекше. Мұнда ірі өндіріс орындары, соның ішінде «Казцинк» кәсіпорнының бөлімшелері тұрақты жұмыс істеп тұр, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Аймақ басшысы соңғы уақытта Риддерде туризмді дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар қолға алынғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл өңір туризмнің даму орталықтарының біріне айналуы тиіс.
– Табиғат көркемдігі, қысқы туризм үшін қардың сапасы, шаңғы тебу және өзге де қысқы туризм түрлерін дамытуға қолайлы жағдай бар. «Эдельвейс» демалыс орны — соның нақты дәлелі. Бұл аймақ шетелден келетін туристер үшін де қолайлы әрі тартымды мекен, — деді өңір басшысы.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Пікірлер