Ресми ақпаратпен Риддер қалалық сотының баспасөз қызметі бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Соған сүйенсек, жуықта өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, бөтен мүлікті ысырап ету фактісі бойынша (ҚР ҚК 189-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы) Ж. есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.
Анықталғандай, сотталушы дүкенде кассир болып жұмыс істеп, әрі материалдық жауапты тұлға бола тұра, 2023 жылғы 1-28 қыркүйек аралығында жалпы сомасы 1 270 341 теңге ақшалай қаражатты ұрлады. Ұрлық «1С» бағдарламасында кассалық чектердің жолдарын өшіру және сатып алушыларға тауар берілгеніне қарамастан, жалған қайтарым рәсімдеу арқылы жасалған.
– Сот отырысында сотталушы Ж. қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын мойындамады. Оның кінәсі бейнебақылау камераларындағы жазбалармен, сот-экономикалық және бухгалтерлік сараптамалар қорытындыларымен, сондай-ақ куәлардың айғақтарымен дәлелденді, – делінген ақпаратта.
Прокурор ҚР ҚК 189-бабы 2-бөлігінің санкциясына сәйкес, амнистия туралы заң талаптарын ескеріп жаза тағайындауды, ал жәбірленушінің өкілі азаматтық талапты қолдап, келтірілген материалдық залалды толық өндіруді сұрады. Сот тарапынан сотталушы Ж.-ның кәмелетке толмаған екі баласы бар екені және оларды бір өзі тәрбиелеп отырғаны жазаны жеңілдететін жайт болып саналды.
– Сот Ж.-ға 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы мен сол мерзімге лауазымдарды атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындаған болатын. Дегенмен амнистияға байланысты жазадан босатылды. Одан бөлек, Ж.-дан 1 270 341 теңге көлеміндегі материалдық залал толық өндірілді, – делінген мәліметте.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Пікірлер